ППУ ШЕБЕРЛЕРІ «БИБЛИОТҮН – 2022» ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ
28.10.2022
Кеше С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Библиотүн – 2022» атты түнгі кітапхананың әлеуметтік акциясы өтті. Оған оқырмандар әдеттегідей кітап оқуға емес, әртүрлі жанрдағы өнер туындыларын, заманауи бағыттағы концерттер мен шеберлердің көрмелерін тамашалауға келді.
Ерекше шараға Павлодар педагогикалық университетінің қолөнер шеберлері де қатысып, өздері жасаған ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларын көрмеге қойды. Сонымен қатар, шеберлік сабақтарын көрсетті. Түнгі кітапхана акциясы үш үлкен алаңда өтті: Мысалы бірінші қабатта «Этно-қалашық», екінші қабатта «Kitapratti», үшінші қабатта «Город мастеров» алаңдары құрылды. Павлодар педагогикалық университеті өнер және спорт жоғары мектебінің оқытушысы Индира Дәулетованың сөзінше, көрмеге оқытушылар мен студенттердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар мен киімдер, киіз және ағаш бұйымдары қойылған.
- «Библиотүн – 2022» түнгі кітапхана шарасы өте қызықты болды. Бірінші қабатта біздің қолөнер шеберлерінің көрмесі мен шеберлік алаңы болды. Оған оқытушылар мен студенттердің өздері тіккен ұлттық киімдері, яғни, сәукеле, тақия, киізден әзірленген ойыншықтар, ұлттық нақыштағы төсеніштер қойылды. Сонымен қатар, ағаштан жасалған астау, кесе, домбыра, қобдиша, киіз үйдің макеті және басқа да кәдесыйлар болды, - дейді Индриа Ғадылбекқызы.
Шара барысында біздің университеттің оң қолынан өнер тамған шеберлері – оқытушылар Мелжан Сыдықов, Индира Дәулетова, Айгерім Әлижанова, студенттері Күннұр Баянхан, Жанаргүл Жәйбазар, Самалхан Мұрат, Болат Әдеп, Алмас Ермеков кітапхана басшылығының Алғыс хатымен марапатталды.