Перейти к содержимому страницы.

ППУ ҰЖЫМЫ МИНИСТР САЯСАТ НҰРБЕКТІҢ ЛЕКЦИЯСЫН ТЫҢДАДЫ

15.10.2022

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде жоғары білімді дамытуға арналған дәріс оқыды. Министрдің лекциясы YouTube каналы арқылы барлық жоғары оқу орындарында тікелей эфирде көрсетілді. Дәрісті Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев бастаған университет ұжымы да тыңдады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерін аралап, жоғары оқу орындардың ұжымымен кездесу жоспарланған. Ондағы негізгі мақсат - өңірлердегі университеттердің білім сапасын арттырып, потенциалын кеңейту.
- Елімізде 100-ден астам жоғары оқу орындарында 600 мыңнан астам студент білім алады. Бұл сан әлі де өседі. Сондықтан, жоғары оқу орындарын үлкейту негізгі мақсатымыз. Бүгін Астанадан арнайы Қарағандыға келдік. Бүгіннен бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай қоғамдық лекцияларын өткізе бастады. Яғни, әр өңірге өзім арнайы барып, ұжыммен, студенттермен кездесіп, университеттердегі проблемаларды өз көзіммен көріп, оның шешілуіне атсалысатын боламын. Сонымен қатар, сіздер министрліктің жаңа жоспарлары мен басым бағыттарын, жаңа бастамаларын менің өзімнен еститін боласыздар. Осы жылдан бастап, біздің басым бағытымыз өңірлік университеттерге көшеді. Мен өткен үш айдың ішінде барлығын зерттеп білдім, орталықтардағы үлкен университеттердің инфроқұрылымы жақсы. Ал өңірлердегі жоғары оқу орындар министрліктің назарынан тыс қалып отыр. Сондықтан, осы жобаны бастап, өңірлерге қандай өзгерістер енгізу керек дегенге дайындалуымыз керек, - деді Саясат Нұрбек. Министр өз сөзінде Павлодар облысындағы орта және арнаулы оқу орындарының жаңа мамандықтарды оқыту сапасын да атап өтті.
Лекция соңында ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев университет ұжымына алғыс білдіріп, алдағы уақытта оқу орынның білім және ғылым сапасын көтеру жолында ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
- Мемлекет басшысының қойған талабы баршаңызға белгілі. Қазір әрбір жоғары мектептердің бағдарлама жетекшілерімен жеке-жеке кездесіп, осы талаптарды талқылаудамыз. Университетті дамытуға студенттерді де шақырамын. Бұл тек деканның немесе жетекшілердің ғана жұмысы емес. Студенттер де ұсыныс айтып, пікір білдіруі керек. Сондықтан, баршаңызды белсенді болуға шақырамын, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Министрдің дәрісін тыңдауға Қарағанды облысындағы 7 жоғары оқу орнының студенттері, магистранттары, докторлары мен профессорлары және оқытушылары келген. Сонымен қатар, барлық өңірлердегі университеттердің ұжымы тікелей эфир арқылы тыңдады.