БОЛАШАҚҚА БАСТАР БАҒДАРЛЫ КЕЗДЕСУ
03.03.2026
Марғұлан университеті өкілдері кәсіби бағдар беру мақсатында Атамекен ауылындағы №33 мектеп пен Павлодар ауылындағы №40 мектептің 11-сынып оқушыларымен мазмұнды әрі тағылымы мол кездесу өткізді. Жиын барысында талапкерлерге болашақ мамандық таңдау, жоғары білім алудың артықшылықтары және университеттің білім беру мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Кездесуге Жаратылыстану жоғары мектебінің оқытушысы Марал Хасенова және Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушысы Адам Даурбеков қатысып, өз бағыттары бойынша тартымды әңгіме өрбітті. Олар заманауи білім беру үрдістері, ғылым мен инновацияның дамуы, студенттердің жетістіктері жайында айтып, оқушылардың білімге деген құлшынысын арттыра түсті. Әсіресе, мамандық таңдаудағы жауапкершілік пен жеке қабілетті ескеру қажеттігі ерекше атап өтілді.
Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Гүлнар Мусанова қазіргі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар жөнінде жан-жақты мәлімет беріп, 2026 жылға арналған қабылдау талаптары мен білім беру бағдарламаларына тоқталды. Ал қоғаммен байланыс жөніндегі менеджер Бәкіжан Кәкім университет студенті атанудың артықшылықтарын, академиялық ұтқырлық, халықаралық байланыстар, шәкіртақы мүмкіндіктері мен студенттік өмірдің белсенді қырларын әсерлі жеткізді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық диалог алаңында еркін пікір алмасты. Болашақ түлектердің белсенділігі мен қызығушылығы олардың алға қойған мақсаттарының айқын екендігін көрсетті.