БІЛІКТІ БАСШЫ - ТАБЫСТЫ УНИВЕРСИТЕТ
05.06.2020
Өңіріміздегі ірі оқу ордасының бірі – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің мұғалім кадрларын дайындап шығара бастағанына алпыс жылға таяды. Осы уақыт ішінде ПМПУ еліміздегі беделді жоғары оқу орнының біріне айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген университеттің түлектері халықтың сүйіспеншілігіне бөленуде. Мұндай мерей биігінен көріну оқу ордасының бүкіл ұжымының, ең алдымен, оның басшысының сындарлы, ізденіске толы жұмысының арқасында мүмкін болып отыр.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде білікті де білімді ректорлар қызмет істеді және қазір де қызмет атқарып отыр деп айтуымызға толық негіз бар. Олардың әрқайсының ЖОО-ны дамыту жолында қалдырған өзіндік ізі бар. Ордалы оқу ордасының басшысына жүктелер міндет жүгі өте зор. Оның бойында педагогикалық тәжірибенің, менеджерлік және ұйымдастырушылық қабілеттің болуымен бірге, ең бастысы, білімнің қара шаңырағының даму болашағын көре білуіне, жаһандық мақсаттарды алға қоя білуіне және оның ойдағыдай орындалуына мүмкіндік беретін асқан еңбексүйгіштік пен стратегиялық ойлау қабілеті болуы керек. Жалпы басшылықта қай мәселе болмасын байыпты қарауды, ойланып шешуді талап етеді. Инфрақұрылымды дамыту, білім берудің сапасы, жаңа технологияны енгізу – бұлардың бәрі түлектердің еңбек нарығындағы алар орнын арттыра түсетін өте ауқымды мәселелер. Осы орайда ЖОО басшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі: ұжымды іскерлікпен жұмылдыра білуі және әрбір қызметкердің күш-жігерін ортақ іске бағыттай білуі керек.
2016 жылдан бері Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін осы айтылған іскерлік сапаларды бойына жиған химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нухұлы басқарып келеді. «Болашақты көздеген оқу ордасы» - ректордың «Казахстанская правда» газетінде 2016 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған мақаласы осылай аталды. 1 қыркүйек – әрбір білім беру ұйымы үшін жаңа кезеңнің, жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктердің басталатын сәті, сондықтан оның символдық мәні бар. Ол кезде әлі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты болған ЖОО-ның болашақта дамуы үшін ректор бірнеше бағытты белгіледі. Атап айтар болсақ, ол: ЖОО-ның мәртебесін өзгерту және басқарудың ықпалдастық жүйесін ашу, алайда, ең бастысы – әмбебап, жоғары кәсіби педагогтар дайындау, ол үшін мектептермен тығыз байланыс және жұмыс берушілерді білім бағдарламаларын әзірлеуге тарту талап етілді, жастарды рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға жұмылдыру, ғылыми зерттеулерді заманауи білім беру проблемаларына қайта бағдарлау, инфрақұрылымды дамыту және кампус ашу.
Осыншама кең ауқымды әрі алуан түрлі міндеттерді таяу болашақта іске асыру мүмкін еместей көрініп еді. Алайда, осы аса ауқымды әрі жаһандық мәні бар мақсаттармен бірге ұжымға «Стратегиялық даму» ұсынылып, оған қол жеткізу жөніндегі іс-шаралардың жүйесі жасалды. Стратегия бес жылға – 2016-дан 2021-ге дейін арналған. Алайда, атқарылған жұмыстың қорытындысын қазірдің өзінде, 2020 жылдың жазында шығаруға болады.
Алға қойылған мақсаттар орындалды ма? Толығынан орындалды деп батыл айта аламыз. Алтынбек Нухұлы басқарған соңғы төрт жыл ішінде ПМПУ-да оң өзгерістер көп болды. Бұрынғы педагогикалық институт университет мәртебесін алды. Бұл үздіксіз білім берудің консорциумын ашуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде университет жанынан колледж ашылды; сонымен бірге ЖОО магистратура мен докторантура ашуға мүмкіндік алды. Бұл университеттің дамуындағы өте маңызды қадам болды. Магистратура мен докторантураның ашылуы ПМПУ-дың ғылыми қызметі саласын жаңа деңгейге көтерді. Түлектер өзінің зерттеу жұмысын өзі түлеп ұшқан университеттің қабырғасында жалғастыруға мүмкіндік алды.
Педагогика ғылымын дамыту ЖОО-ның ғылыми, сондай-ақ оқу-әдістемелік қызметінің негізіне айналды. Осы орайдағы ілгері басушылық мектептермен тұрақты, жоспарлы ынтымақтастықсыз мүмкін болмайды. ПМПУ-да студенттердің білім алуына іргелі, ғылыми көзқараспен бірге олардың педагогикалық және әдістемелік жағынан дайындалуына да ерекше көңіл бөлінді. Университеттің барлық білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен: мектептердің директорларымен, оқу ісінің меңгерушілерімен және мұғалімдермен талқылаудан өтеді. Бұл ЖОО-ның білім беру бағдарламаларын мектептің заманауи талаптарына жақындатуға, ПМПУ түлегінің мектептің жаңартылған мазмұндағы жүйесіне тиімді еңбек етуіне қабілетті болуы үшін әрекет етуге мүмкіндік береді. ПМПУ түлектерінің еңбекке орналасу пайызы өте жоғары: олардың 95 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде пәндік және әдістемелік дайындық қана емес, сонымен бірге студенттерге кәсіби бағдар беру ісі де жоғары деңгейде деген сөз. Түлектер мектепте жұмыс істеуге дайын, қиындықтарды жеңуге және кәсіби өзін-өзі кемелдендіруге құлшыныс білдіруде.
Өзін-өзі кемелдендіру, сөзсіз, кез келген педагог пен кез келген педагогикалық ұжым үшін өте маңызды сапа. Қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды, қашанда жаңа асуларды алуға ұмтылу керек. Көптеген қазақстандық ЖОО үшін Назарбаев университеті ойдағыдай жаңашылдық қызметтің өнегесі болып табылады. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті осы оқу орнымен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуде. 2019 жылдан бастап ПМПУ Назарбаев университетінің тәжірибесін қолдана отырып, білім беру бағдарламаларын қалыптастыра және басқаруда инновациялық менеджментті қолдана бастаған өңірдегі алғашқы оқу ордасына айналды. Сонымен бірге Назарбаев университеті ПМПУ-мен ынтымақтаса еңбек ету дегеніміз екі университеттің бірдей жұмысын жетілдіруге жол аша отырып, бір-бірін толықтыра түседі деп атап көрсетеді.
Осылардың барлығы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің білім беру бағдарламалары Қазақстан ЖОО рейтингінде алдыңғы қатардан тұрақты орын алуының айқын айғағы. Соған орай ПМПУ-дың танымалдығы Қазақстандағы сияқты шет елдерде де үнемі артып келеді. Бүгінде Ресейден, Түркиядан, Қытайдан, Моңғолиядан, Үндістаннан студенттер оқиды. Мұндай таңдау жасауына не себеп болды деген сұраққа шетелдік студенттер оқытушылардың жоғары кәсіби деңгейін, олардың әр студенттің талаптарына деген ықыластылығын, нәтижеге деген мүдделілігін және университет жүргізіп отырған студенттермен зор әлеуметтік жұмысты атап өтеді. Алтынбек Нухұлының өзінің бағдарламалық мақаласында ЖОО инфрақұрылымын жетілдіру мен кампус жасауды жеке бір маңызды бағыт ретінде атап көрсетуі тегін болмаса керек. Қолайлы жатақхана, спорт залы мен бассейн – осының бәрі студенттерді қызықтырады.
Дей тұрсақ та, Алтынбек Нухұлының басшылығымен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіндегі ең басты әрі маңызды өзгеріс – ПМПУ-дың Павлодар өңіріндегі ірі мәдени-ағарту орталығына айналуы. Оған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы себепші болды. Мақала 2017 жылы сәуірде жарияланып, ұлттық бірегейлік пен рухани құндылықтарды сақтауға және дамытуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. ПМПУ сияқты педагогикалық ЖОО үшін бұл бағдарлама ерекше маңызды. Себебі дәл осы педагогикалық университеттердің түлектері - мұғалімдер еліміздің жас ұрпағын оқытып тәрбиелейді. Ал олар өз бойындағы болашаққа деген құлшынысты елдің тарихымен және мәдениетімен үйлестіруі керек.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. 2017 жылдың қыркүйегінде ЖОО-да Павлодар өңірінің мәдени-тарихи мұрасын зерделеуге және сақтауға бағытталған «Margulan Centre» орталығы ашылды. ПМПУ бастамасымен бірнеше көлемді жоба іске асырылды. Атап айтқанда, ХVІІІ ғасырдағы ірі саяси қайраткер, Абылай ханның жақын жақтасы Сұлтанбет сұлтанның үй-жайын қалпына келтіру; Қимақ кезеңіндегі ескерткіштерді, «Алтын жал» қорымын және «Әулиекөл» қорымын археологиялық зерттеу; «Өлкетану» экспедициясын ұйымдастыру; құрамына Мұса Шорманұлының кесенесі, Шорман бидің үй-жайы мен «Туған жердің тарихи тұлғалары» музейі кіретін «Ақкелін» тарихи-мемориалдық кешенін салу. Орталықтың жұмысында «Ұлы даланың мәдениеті мен мұрасы» экспедициясын ұйымдастыру ерекше орын алады. Ол Баянауыл ұлттық паркін ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енгізу жұмысына жол ашты. Жобаларды дайындау жұмысына тарихшы ғалымдар ғана емес, ПМПУ студенттері де белсене қатысты.
Сондай-ақ ректордың бастамасымен және тікелей басшылығымен іске асқан «Ертістің Павлодар өңірінің 100 тарихи тұлғалары» жобасының ағартушылық зор маңызы бар. Оның шеңберінде Павлодар облысының көрнекті тұлғалары туралы қысқаметражды 75 фильм түсірілді. Педагогикалық ЖОО үшін Қазақстанның педагогикалық мұрасын сақтаудың маңызы зор. ПМПУ-да Ыбырай Алтынсариннің бес томдық шығармалар жинағы және өңірдің талантты педагогтары туралы «Өнегелі тұлғалар» атты кітаптар сериясы шығарылды. Мерейлі даталар – Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығы қарсаңында университеттің бас корпусында отандық педагогиканың бастауында тұрған көрнекті қайраткерлердің портреттік галереясы ашылды. Болашақ мұғалімдер үшін олар ағарту ісіне, білім беру мен ғылымға адал қызмет етудің, жоғары азаматтық жауапкершілік пен патриотизмнің тамаша үлгісі болмақ.
Алтынбек Нухұлы 2018 жылы «Туған жер» жобасы шеңберінде бесінші, алтыншы және жетінші сыныптарға арналған «Өлкетану–Краеведение» оқулықтарын әзірлеген авторлық ұжымды басқарды. Оқулықта Павлодар облысының географиясын, тарихы мен мәдениетін оқып-үйренуге арналған мазмұнды материалдар бар. Ол сараптамадан ойдағыдай өтіп, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына енгізілді.
Университетті басқару қиындығы көп жұмыс. Оның басында қызметтің өзекті бағыттарын анықтай алатын, оларды жүзеге асыру жүйесін саралай білетін және ұжымның ісін білгірлікпен жұмылдыруға қабілетті тұлға тұруы керек. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті үшін соңғы төрт жылда мұндай адам ректор Алтынбек Нухұлы болды. Өйткені оның басшылығымен ордалы оқу орнында көп игі істер орындалды. Алда да биік асулар тұр. Университет ұжымы оны да ойдағыдай игеретініне сеніміміз мол.
Қ.О. Базарбеков – ПМПУ профессоры, Ақылдастар алқасының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Павлодар қаласының Құрметті азаматы
В.Т. Кольев – ПМПУ профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, Павлодар облысының Құрметті азаматы