БІЗДІҢ УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТІК ҮЗДІК БАСҚАРУ БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІСКЕ ИЕ БОЛДЫ!
13.12.2022
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Студенттік Парламенті «Павлодар облысының үздік студенттік өзін-өзі басқару органы» байқауының жеңімпазы атанды.
«New vision team» қоғамдық қоры Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Павлодар облысының жоғары оқу орындары мен колледждері арасында студенттік өзін-өзі басқару органдарының жұмысын үздік ұйымдастыру конкурсының қорытындысын шығарды.
Бұл байқау студенттік өзін-өзі басқару ұйымының белсенділері мен төрағаларының басын қосып, студенттік бірлестіктер арасында тәжірибе алмасу және студенттік өзін-өзі басқаруға белсенді жастарды тарту алаңына айналды.
Университеттің Студенттік парламентінің үйлестірушісі Дариға Жұматайдың айтуынша, байқауға облыстағы оқу орындарының 10-нан астам студенттік парламенттері қатысты. Байқау шарты бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттік ұйымдары байқауды ұйымдастырушыларға өзін-өзі басқару саласындағы жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобаларының презентацияларын жолдады.
Финалға өткен үздік командалар өз жобаларын офлайн форматта қорғауға шақырылды. Байқау финалының қорытындысы бойынша ППУ Парламенті ұсынған жоба Сараптама комиссиясының жоғары бағасына ие болып, үздік деп танылды.
Осылайша, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Студенттік Парламенті байқауда I-орынды жеңіп алып, ақшалай сертификатқа ие болды! Құттықтаймыз!