БІЗДІҢ АҚЫНДАР - ОБЛЫСТЫҚ МҮШӘЙРА ЖЕҢІМПАЗЫ
12.03.2025
XX ғасырдың басындағы қазақ ақындары мен оқымыстыларының бірі болған белгілі ақын, ағартушы Сәдуақас Шормановтың еліне сіңірген еңбегі зор. Күні кеше Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Баянауыл аудандық филиалы ұйымдастырған С.Шормановтың атындағы «Халқына сөзі құнды, өзі сыйлы Сәкен ағай» атты облыстық студенттер мүшәйрасы аяқталып, жеңімпаздары марапатталды.
Нәтижесінде аталған ауқымды жыр додасының Бас жүлдесін Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті Есенкелді Жәнібек жеңіп алды. Бірінші орынды Торайғыров университетінің студенті Абзал Рымбек еншіледі. Ал екінші орындар Торайғыров университетінің магистранты Жанболат Абайхан мен Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті Жамбыл Абылқасқа бұйырды. Сонымен қатар, М.Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті Бақдәулет Төлеухан "Қ.Сәтбаев қорының" арнайы жүлдесіне ие болды. Жүлдегерлерге Шормановтар әулетінің ұрпағы, кәсіпкер Исин Расул Рахымұлының демеушілігімен қаржылай сыйақы табысталды.
Облыстық студенттер мүшәйрасы 2 кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде Садуақас Шормановқа арнау жазу керек болса, келесі кезең еркін тақырыпта өлең жазды.
- Бұл өте күрделі тақырып. Себебі, қазір интернет беттері мен газет-журналдарда халыққа Сәкен ағай атымен танылған тұлға туралы деректер өте аз кездеседі. Сондықтан, ақпараттарды жинау, оны саралау, өлеңнің ойын бұзып алмай сол ойларды кіріктіру өте қиынға соқты. Дегенмен, өз заманының ұлы ойшылы болған дарынды тұлғаның образын барыншы ашуға, жырмен суреттеуге тырыстық, - дейді мүшәйра жеңімпазы Есенкелді Жәнібек.
Осы ретте жас ақынның бас жүлде алған өлеңін де оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Садуақас Шормановқа арнау
Мен өзіңнен зар заман шөлдеп едім,
Басымды алып тынарсың көрге менің,
Заман өтіп барады, заман өтіп
Айналдырып ұршықтай дөңгелегін.
Ханда өткен жалғаннан қара да шын,
Алып қашып жүретін қара басын,
Қарсы шапты қасқайып бөрі ғұмыр
Қазағымды қорқаулар талағасын.
Қорықпаған қоғамның шатағынан,
Шибөрінің көрінбей қатарынан,
Бөлтірігін бермеді қандауызым
Алып кетіп дұшпанның апанынан.
Жалғанның жалындаған өрті бүгін,
Өжетсінер өзекте өлтіріп үн,
Батырлықтың байрағын көтерем деп
Бөрі бүлік жасап жүр бөлтірігің.
Қилы заман аңсаумен, жүр тағысын,
Санасыздың сыңсыған сылтауы үшін,
Сормаңдайлы қазағың жанын берер
Шормандайын асылдың ұрпағы үшін.
Тыңдағанда алаштың ғұмыр әнін,
Қылқобыздай кеудемде құбылады үн,
Арланымды аңсаймын естігенде
Ай астында көк бөрі ұлығанын…