БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІН ҚАБЫЛДАУ КЕШІ
17.11.2022
Үлкен өмірге енді ғана қанат қағып, оқу жылының басында қалаға келген жастарға алдыңғы буынның қолдауы мен қамқорлығы ауадай қажет. Бұл дәстүр Павлодар педагогикалық университетінің М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінде де жақсы сақталған. Халықаралық студенттер күні мерекесі қарсаңында бірінші курсқа қабылданған студенттердің құрметіне көңілді мерекелік кеш ұйымдастырылды. Бірінші курс студенттерін колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Алмас Кенжеғалин құттықтап, оқуларына сәттілік тіледі.
- Құрметті, бірінші курс студенттері! Сіздерді біздің қатарымызға қосылуларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Биыл Павлодар педагогикалық университетінің ашылғанына 60 жыл толып отыр. Сіздер оқуға ерекше тарихи оқиға қарсаңында түстіңіздер. Сондықтан, университеттің мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне біз де атсалысуымыз керек. Сіздер еліміздің болашағы, болашақ ұстаздар болғандықтан қазірден бастап сапалы білім, салауатты тәрбие алады деп сенеміз, - деді Алмас Кенжеғалин.
Шара барысында колледждің 2,3-курс студенттері мен жастар ұйымы бірлесіп,әртүрлі концерттік нөмірлері мен ойын-сауық бағдарламаларын өткізді.