«БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА: ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН»
30.05.2022
Павлодарлық этномәдени бірлестік өкілдері Павлодар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы туралы айтып, 5 маусым күні өтетін республикалық референдумның маңызыдылығын түсіндірді.
Шара «Бір шаңырақ астында: Жаңа Қазақстан» деген атаумен өтті. Кездесуге облыстық «Эльпидо» грек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ифандопуло, облыстық «Фин-угор» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ольга Николашина, "АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ" РЖҰ Павлодар филиалының басшысы Рамиль Смаилов келді.
- Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Мұнда бүгінде 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы болса осы елде тұратын өзге ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін, дәстүрін дамыту мақсатында құрылғаны белгілі. Сонымен қатар, аталмыш ұйымның құрамында көптеген этномәдени бірлестіктер бар. Бірлестік өкілдері еліміздің саяси оқиғаларынан тыс қалмайды. Бүгінгі таңда Ассамблеяның рөлі артып келеді. Түрлі этностардың өкілдері әлемдік кеңістіктегі мемлекеттің визит картасына айналып, олар экономикалық байланыстар орнатуға, мемлекетіміздің беделін нығайтуға септігін тигізеді. Қазір Ассамблея өкілдерін - халық дипломаттары деп атауға да болады, - деді «Эльпидо» грек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ифандопуло.
Облыстық «Фин-угор» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ольга Николашина Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулардың маңыздыылғы туралы айтты. Оның сөзінше, Конституцияға енгізілген түзетулердің арқасында әрбір ауылдық округ тұрғындары әкім ретінде өздерінің кандидатын сайлауға ұсынуға, тіпті егер ол өзіне жүктелген міндеттемелерді орындай алмаса, оны кері қайтарып алуға құқылы. Сонымен қатар, қалалар мен аудан әкімдерін сайлауды халық таңдауына беру мүмкіндігі тамаша қадам болып табылады. Бұл біздің мемлекетіміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы демократиялылықтың, әділеттілік пен ашықтықтың бір көрінісі екенін атап өтті.
Кездесу барысында студент жастар 5 маусым күні өтетін референдум және басқа да тақырыптар да сұрақ қойып, тұщымды жауап алды.