Перейти к содержимому страницы.

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА АДАЛ ҒҰМЫР

13.02.2026

Марғұлан университетінде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Жоғары педагогика мектебінің деканы Бағлан Жапарованың 55 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

Университет басшылығы мен ЖОО кәсіподақ ұйымының өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Шараға жоғары мектеп декандары, білім беру бағдарламаларының меңгерушілері мен профессорлар қосылып, мерейтой иесіне шын жүректен ризашылық пен аса құрмет білдірді.

Туған күн иесін құттықтауға профессор Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, педагогика ғылымдарының докторы Перизат Сейітқазы, Мемлекет тарихы институтының еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Венера Жексембекова келді.

Бағлан Мағауқызының ғылым, білім беру және кадрлар даярлауды дамытуға қосқан елеулі үлесін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пусырманов құттықтау тілектерін білдірді.

Бағлан Жапарова Павлодар педагогикалық университетіне журналистика саласынан келген. Шараға келген «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев бірлесіп еңбек еткен қызыққа толы жылдарын еске алды.

Еңбек жолын ЖОО-да педагогика кафедрасының оқытушысы ретінде бастаған, бірнеше жыл қатарынан «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасын басқарды. Бүгінде Бағлан Мағауқызы жоғары педагогика мектебінің деканы қызметімен қатар бөлімшенің тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, тәжірибелілігі мен көшбасшылық  қасиеттерін ұштастыруда.

Оған қоса ол бес жыл қатарынан жетім балаларды психологиялық қолдау мәселелеріне арналған гранттық қаржыландыру аясында жобаны іске асыруда. Кенжекөл ауылының отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Айжан Шамгалиева барлық тәрбиеленушілердің атынан алғыс білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Бағлан Мағауқызын 55 жылдық мерейтойы құтты болсын! Зор денсаулық, сарқылмас қуат пен шаттық тілейміз!