БИЫЛ МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНЕН 25 ШЕТЕЛ СТУДЕНТІ ДИПЛОМ АЛАДЫ
03.07.2024
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде 2024 жылғы түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Оқу орнын биыл бітірген түлектер қатарында 25 шетел азаматы бар. Олар Нигерия, Алжир, Өзбекстан, Ресей және Монголия елдерінен келіп, өздері таңдаған мамандықтары бойынша білім алды.
Солардың қатарында Фирдавс Полвонназиров та бар. Ол 2020 жылы Өзбектсан елінен келген. Өнер және спорт жоғары мектебінің дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітірді. Бүгінгі диплом табыстау рәсіміне қатысып, өзге курстастары қатарлы диплом алды.
- Мен бұл Марғұлан университетіне 2020 жылы түстім. Бұл мен үшін сәтті таңдау болды, осы төрт жыл ішінде педагогика әлемімен таныстым. Білікті оқытушылардың арқасында мен тарих, психология, бейінді педагогика сияқты ғылымдарды оқыдым. Шетелдік студенттерді оқу басшылығы жақсы қолдады. Сонымен қатар, өнер және спорт жоғары мектебінің деканы Валентина Ильинична, вице декан Наталья Анатольевна, Василий Айтмұхаммедович сынды азаматтарға алғысым шексіз. Мен осы университетте оқығаныма өте қуаныштымын. - дейді Фирдавс Полвонназиров.
Биылғы 2024 оқу жылының соңында 1284 түлек бітіріп, қолдарына дипломдарын алуда. Олардың ішінде 1149 бакалавриат болса, 130 түлек магистратураны, 5 адам докторантураны бітірді.