Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
31.05.2021
Бүгін 31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді.
Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Ресми мәліметтер бойынша, саяси қуғын-сүргін жылдары 60 миллионға жуық жазықсыз адамдар зардап шеккен, 24 миллионы ату жазасына кесілген. Қазақстанда 4 млн-ға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырады. 1920-30 жылдары 100 мыңнан астам қазақстандық азаматтар отанына опасыздық жасады деген айыппен жазықсыз сотталып түрмелерге қамалып, лагерьлерге айдалған. Көбісі ату жазасына кесілген. Олардың арасында 25 мыңға жуық сол кездегі қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1932-1933 жылдары ең кемі 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Бәлкім, сол жылдардағы аштық пен нәубет болмағанда қазіргі қазақтардың саны 60 млн-ға жуық болар ма еді? Сол бір зұлмат заманның зарлы үніне айналған күнді еске алғанда кеудені өкініш, өкпе-реніш кернейді. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз бен тағдырымыз осы тарих кейіпкерлерінің арқасында екенін есте сақтаған жөн. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбан болған азаматтарының есімдерін ұмытпай, мәңгі есте сақтап, жас ұрпақ санасына бабалар арқау еткен Тәуелсіздікті, еркіндікті дәріптеу – біздің басты міндетіміз.