БЕЛГІЛІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ ПМПУ-ДА
31.12.2019
30 желтоқсан күні Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, жазушы, абайтанушы, дінтанушы, философ Ғарифолла Есім жұмыс сапарымен келіп, университетті аралады. Оның есімі мәдениетке және саяси философияға қатысты көптеген еңбектерден танымал. Ғарифолла Есім Абайдың, Мұхтар Әуезовтің шығармаларын зерттеді. Ғалымның еңбектерінің ішінде философиялық проза жанрында жазылған көптеген оқулықтар мен оқу құралдары бар. Студенттермен және университет ұжымымен кездесу барысында академик жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына, оның іргетасы болып табылатын рухани құндылықтарға тоқталды. 2020 жылы еліміз Абайдың 175 жылдығын атап өтеді. Абайтанушының ойынша, Абай салған жол – қазіргі заман тынысындағы дін мен дәстүр үйлесімділігін сақтайтын дұрыс бағыт. Кездесу соңында Ғарифолла Есім университет ұжымына алғыс білдіріп, жастарға ақыл-кеңесін беріп кетті. ПМПУ «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» жобасы аясында Ғарифолла Есім туралы қысқаметражды фильм шығарады.