«Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасы

Білім беру бағдарламасының жетекшісі – PhD докторы Калимова Асемгүл Жамбылқызы.
«6B01310 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – біліктілік сипаттамасына сәйкес кәсіби қызметке қабілетті, заманауи білім беру кеңістігінде сұранысқа ие мамандарды даярлау.
Бағдарламаның мазмұны бастауыш мектептегі педагогикалық процесті ұйымдастыруды, оқу-тәрбие жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыруды, мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес оқу пәндері бойынша базалық білім, кәсіби іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруды қамтиды.
Біздің бағдарламаның түлектері білім беру процесін педагогикалық тұрғыдан сүйемелдеуді, оқушылардың жеке және әлеуметтік дамуына ықпал етуді, жалпы мәдениетті қалыптастыруды, білім беру бағдарламаларын саналы таңдауға бағыттауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, олар оқушылардың құқықтарын қорғауға, білім беру мекемесінің әлеуметтік саласын үйлестіруге, ата-аналар мен педагог қызметкерлердің педагогикалық мәдениетін жетілдіруге қатысады. Бағдарлама түлектері тұлғаның ерекшеліктерін ескере отырып, дамыту мен түзетуге арналған бағдарламалар жасай алады, педагогикалық диагностика жүргізеді және шығармашыл, дарынды балаларға қолдау көрсетеді.
Практикалық даярлық Павлодар қаласының жетекші жалпы орта мектептерінде (№2, 7, 9, 19, 22, 25, 28, 39 және т.б.) жүргізіледі.
Бағдарлама оқытушылары мен студенттері республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға жүйелі түрде қатысады. Жыл сайын ПМУ базасында Педагогика жоғары мектебі ұйымдастыратын ғылыми конференциялар білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға жағдай жасайды.
«Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» бағдарламасы Павлодар қаласы мен облысының мектептерімен, сондай-ақ Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарымен тұрақты әріптестік байланыс орнатқан. Мектептермен ынтымақтастық білім беру саласындағы жаңашылдықтарды бақылауға мүмкіндік берсе, мектеп басшылары мен мұғалімдерінің элективті пәндер каталогын әзірлеуге қатысуы – бағдарлама мазмұнының өзектілігін қамтамасыз етеді.
Жоғары оқу орындарымен әріптестік тәжірибе алмасуға, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға, білім беру үдерісін жетілдіруге ықпал етеді. Бағдарламаның даму келешегі – Павлодар облысы мектептерімен байланыстарды тереңдету және түлектердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған жаңа пәндерді енгізу.
2023 жылдан бастап Павлодар облысының Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы мен «Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ арасында жасалған меморандум негізінде дуалды оқыту енгізілді. Қазіргі уақытта «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша 200-ден астам студент дуалды оқыту нысанында білім алуда. Жобаның басты мақсаты – базалық дағдыларға ғана ие емес, сонымен қатар кәсіби қызметке жоғары дайындықпен кірісетін педагог мамандарды даярлау.
Бағдарламада 14 штаттық оқытушы жұмыс істейді, олардың қатарында – 5 педагогика ғылымдарының кандидаты, 2 PhD докторы, 5 аға оқытушы және 2 оқытушы бар.
Түлектер оқуын «М003 – Пәнсіз мамандандырылған педагогтарды даярлау» магистратурасында жалғастыра алады. Бұл бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті педагог мамандарды даярлауға бағытталған. Магистранттар бастауыш мектептегі білім беру модельдерін кәсіби тұрғыдан ұйымдастыруға, оқу бағдарламаларын әзірлеп іске асыруға, инновациялық технологияларды қолдануға машықтанады.