Перейти к содержимому страницы.

БАРЛЫҚ ҚҰРМЕТ ҚАРИЯЛАР ҮШІН

27.09.2024

1 қазан - халықаралық қарттар күні. Осы мерейлі мерекеге орай Марғұлан университетінің ардагерлеріне құрмет көрсетілді. «Нұрсағат» мейрамханасында жайылған ақ дастарханға университетте әр жылдары қызмет істеген ардагер ұстаздар мен қызметкерлер қатысты. Марғұлан университеті кәсіподақ ұйымының төрағасы Роза Жаева қарттарды төл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, отбасыларына амандық тіледі. Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің төрайымы Жұмабике Бакаевна құттықтап, барша ардагерлерге құрмет көрсеткен университет басшылығына алғыс айтты.

Жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен шағын мерекелік концерт ұсынылып, университет әншілері Салтанат Қисатова, Мадияр Әшір, Ақерке Айбекқызы, Ақбота Низамидин және басқа да өнерпаздар әсем әнмен, әдемі бимен шашу шашты.

- Барша замандастарымды алдағы ардагерлер күні мерекесімен құттықтай отырып, шаңырақтарына шаттық пен қуаныш тілеймін. Бүгін керемет кештің куәсі болып, көңіліміз бір көтерілді. Осылай аға буынға құрмет көрсеткен университет басшылығына, кәсіподақтар ұйымына алғыс білдіремін, жұсыстарыңыз жемісті болып, университеттің мерейі асқақтай берсін,-деді ардагер Қайыр Алшынбаев.

Керемет кештің, айрықша құрметтің куәсі болған ата-әжелеріміздің де көңілдері көтеріліп, бір шалқып қалды.