БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
01.06.2022
Бүгін – балаларды қорғау күні. Сүйкімді бүлдіршіндердің атаулы мерекесі қарсаңында Павлодар педагогикалық университетінің мәжіліс залында қызықты мерекелік кеш өтті. Мерекелік кеш биылғы балалар жылының құрметіне және университеттің 60 жылдық мерейтойына орай ППУ кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өтті. Оған осы университет қызметкерлерінің балалары келіп қатысты.
Мерекелік кеш өте қызықты әрі жоғары деңгейде өтті. Арнайы көңілді аниматорлар шақырылып, неше түрлі ойын-сауық көрсетіп, жас жеткішектердің көңілін бір көтеріп тастады. Сонымен қатар, «Твистинг» шеберлік сыныбы, бет бояу, көңілді сайыстар, қағазды шоу, үлкен көпіршікті анимация сынды ойындар ұйымдастырылды. Шараның шымылдығын ППУ кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Жаева ашып, жиналған кішкентай қонақтарды балаларды қорғау күнімен құттықтады.
- Мерекелік кешке 3-11 жас аралығындағы 70-тен астам бала келді. Барлығы өте көңілді болды. Балалар қызықты ойындар мен конкурстарға қатысып, ерекше белсенділік танытты. Бізде балаларға арналған мұндай көңілді кештерді ұйымдастыру дәстүрге айналған, - деді Роза Райханқызы.