ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ ЖАҢА НҰСҚАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
15.02.2021
2021 жылғы ақпанның 12-інде «Павлодар қаласы №32 негізгі жалпы білім беру мектебі» КММ «Рухани жаңғыру аясындағы латын әліпбиі – заман талабы, мемлекеттік тілге құрмет, әлемдік ұстаным» атты онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда Павлодар облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы Кубенова Нурия Калымовна, Инновациялық Еуразия университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Имамбаева Ғайша Ертайқызы баяндама жасаса, Павлодар облысы білім беру мекемелерінің 100-ге жуық мұғалімі тыңдарман ретінде қатысты. Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан құрылған Ұлттық комиссияның орфографиялық жұмыс тобы мүшесі, Павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ерғалиев Қуаныш Советұлы қатысып, «Ұлттық мүддеден туындаған әліпби» тақырыбында баяндама жасады. Қ. Ерғалиев диграф, апостроф және акут әліпбилерінің кемшіліктерін айта келіп, умлаутқа негізделген әліпби жобасын жан-жақты талдап, әр таңбаның өзіндік ерекшеліктерін баяндады. Оның пайымдауынша, «әліпби «бір дыбыс – бір таңба» қағидатына және Unicode таңбалау стандартына сай келеді, қазақ тілінің табиғатын барынша дұрыс береді, сондай-ақ түркі ақпараттық кеңістігімен байланыстырады, тіпті әлемдік ақпарат кеңістігіне алып шығады». Баяндамадан кейін қатысушыларды толғандырып жүрген сұрақтарға да жауап берді.