Перейти к содержимому страницы.

ӘЙЕЛДІҢ ЖЫЛУЫ – ӘЛЕМДІ ЖЫЛЫТАДЫ

07.03.2025

Бүгін Марғұлан университетінің ер азаматтары ұжымдағы барша нәзік жандыларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Мерекелік шараның шымылдығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауымен (Led экран арқылы) ашылды. Министр өз сөзінде, жоғары оқу орындары мен зерттеу институттары, ғылыми орталықтар мен Академияларда жаңа ізденістер мен жаңалықтар жасап жүрген ғалым әйелдер үлесінің өсіп келе жатқанын айтты.

«Бүгінде елімізде ғылыммен айналысып жүрген әйелдердің саны 11982-ге жеткен. Бұл отандық ғалымдардың 56 пайызын құрайды.
Халықаралық әйлдер күні – барша нәзік жанды қауымның қадір-қасиетін, олардың қоғам мен отбасындағы рөлін ерекше атап өтетін күн. Бүгінде әйелдер жетістікке жетпеген қызмет саласы жоқ десе де болады. Ең жауапты салаларда еңбек ете жүріп, әрқашан жоғары кәсіби шеберліктерін көрсетіп, алға қойған мақсатқа қол жеткізуде. Қазіргі таңда Қазақстан ғылымында әйелдердің үлесі айтарлықтай көбейіп, қоғамдағы орны мен ықпалы бұрынғыдан да артып келе жатқанын қуанышпен атап өткім келеді. Әйелдердің ғылымға қосқан үлесі орасан зор, олардың қабілеті мен мүмкіндіктері шексіз. Сондықтан, әйелдерге қолдау көрсету, оларға ары қарай дамуға мүмкіндік беру біздің ортақ міндетіміз. Ардақты ақ жаулықты әжелер, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербете жүріп, қызметін де үйлестіріп отырған аяулы аналар, қызғалдақтай құлпырған арулар, сіздерге шексіз алғысымызды білдіріп, еңбек жолында жаңа биіктерге жетулеріңізді тілейміз. Мереке құтты болсын», – деді Саясат Нұрбек.

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ержан Әмірбекұлы да барша аяулы жандарға деген ақ жарма тілегін арнап, ұжымдағы көпбалалы әйелдерге арнайы сый-сияпат ұсынды.
«Қымбатты арулар, қадірменді әріптестер! Сіздерді ұжымдағы ер азаматтардың атынан бүгінгі көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Әйел баласына біз қашанда құрметпен қараған халықпыз. Біз қыз баласына ертеңгі асыл жар, аяулы ана, ардақты әже ретінде қарап, ерекше құрметтейміз. Әйел тыныш болса, әлем тыныш дейді.
Біздің ұжымдағы қызметкерлердің 73 пайызы әйелдер екен. Яғни, әріптестеріміздің көпшілігі нәзік жандылар.
Сонымен қатар, ұжымда жасы үлкен ардагер апалар да, 19-20 жас аралығындағы қыздар да бар. Бұл бізде ұрпақтар сабақтастығы үзілмей келеді деген сөз.
Құрметті, нәзік жанды әріптестер, дендеріңіз сау, өмір жастарыңыз ұзақ болсын, құшақтарыңыз бақыттың нұрына толсын», – деген жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

Жалпы, университетте 11 көпбалалы ана қызмет істесе, солардың 8-інің балалары әлі 18-ге толмаған. Атап айтар болсақ, Өнер және спорт жоғары мектебінің оқытушысы Тамара Шайза, Жаратылыстану жоғары мектебінің аға оқытушысы Сандуғаш Асылбекова, Жаратылыстану жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Қымбатша Мұхамедиева, Жаратылыстану жоғары мектебінің докторанты Айнұр Алина, педагогика жоғары мектебінің оқытушысы Айжан Мандаева, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушы-модераторы Айгүл Тисбаева, оқу-әдістемелік бөлімінің диспетчері Альмира Шакенова және М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж оқытушысы Райхан Досымбековалар ерекше құрметпен сахнаға шақырылып, мерекелік марапаттар ұсынылды.

Салтанатты марапаттаудан кейін университет құрамындағы ер азаматтардың әзірлеген мерекелік концерті жалғасын тапты. Марғұлан университетінің ерлер қауымы өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екенін осы кеште тағы бір мәрте дәлелдеді. Кейбірі актерлік қырынан көрінсе, кейбірі әншілік өнерін шығарып, ұжымдағы әйелдер қауымына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, өңірімізге белгілі әнші, университет түлегі Шәкім Маусым да арнайы келіп, ән шашуын арнады.