АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ КЕШ
06.10.2022
Павлодар педагогикалық университетінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» атты әдеби танымдық кеш өтті. Шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов бастаған ғалымдар қатысып, Ахмет Байтұрсынұлының өміріне, еңбегіне, шығармашылығына қатысты баяндама жасады.
- Ахмет Байтұрсынұлы өте көп мақалалар жазды. Ұлт ұстазының ең көп қолданылатын «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген ситатасы бар. Ол "Н.Қ ханымға" деген өлеңінен алынған. Ал ол кім дегенге тоқталсақ, Нәзипа Құлжанова деген жерлес қарындасы болып келеді. Яғни, Нәзипа ханымға арналған сыр-толғауы. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлының поэзиясында махаббат тақырыбы сирек кездеседі. Көптеген өлеңдері көңіл-күй лирикасына, саяси лирикаға негізделген. 1923 жылы Ахмет
Байтұрсынұлына арналған бір жиын өтеді. Сонда Смағұл Сәдуақасов баяндама жасап, қазақтың бес ірі тұлғасын атап өтеді. Олар Кенесары хан, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин және Ахмет Байтұрсынұыл болатын. Міне, Ахаң өзінің заманында жоғары бағасын алған ірі қайраткер, - деді Әділбек Дәуітбекұлы.
Ал профессор Бекен Сағындықұлы ұлт ұстазының тіл туралы зерттеулеріне, публицистикалық және ғылыми еңбегіне қатысты сөз сөйлесе, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Құралханова Ботагөз "Алаш және Ахмет" тақырыбында баяндама жасады.
Ұстаздар сонымен қатар, студенттердің сұрақтарына да жауап берді.