ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ АЯСЫНДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА
19.01.2021
Оқу-өндірістік практика кез келген оқудың аса маңызды бөлігі саналады. Студенттер алған білімін практикада қолданып, тәжірибе жинақтап, жалпы таңдаған мамандығы бойынша әрі қарай толыққанды білікті маман болып қалыптасады. Алайда қазір орын алған карантиндік жағдайға байланысты колледж бен жоғары оқу орнының студенттері дәстүрлі практиканың орнына қашықтан онлайн практикалық тәжірибеден өтуде.
Жаңа форматтың қиындығы мен қолайсыздығына қарамастан, студенттер кәсіптік ортаға бейімделіп, өздерінің теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, қабілеттерін көрсете білді. ППУ «География және Химия» білім беру бағдарламасының студенттері педагогикалық практиканың алғашқы күндерінен бастап мектептегі оқу-тәрбие ісіне белсене араласып, пән мұғалімінің, сынып жетекшісінің тікелей міндеттерін, құжаттама жұмыстарын зерделеді. Болашақ ұстаздар онлайн форматта білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасын игеріп, ішінара әкімшілік және педагогикалық ұжымымен танысты.
Мұғалімдердің кәсіптік даярлығын арттыруға деген талаптың жылма-жыл күшейіп отыруына байланысты студенттердің педагогикалық практикасы ұдайы жетілдіре түсуде. Қазіргі кезде оның өзі педагогика институттарының оқу жоспарында елеулі орын алып, мұғалімдерді даярлау жүйесінің маңызды компонентіне айналды. География және Химия ББ мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы аясында білім алушылар Назарбаев Зияткерлік мектебінде, №2, №7, №13, №19, №22, №25, №33, №35, №43 жалпы орта білім беру мектептерінде, сонымен қатар Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде кәсіптік практикадан өтуде. Практика жетекшілері – Муканова Р.Ж., Омаров М.К., Елемесов А.К., Туркбенов Т.К., Еркибаева М.К., Баймурат М., Суворова Л.Б., Сержан М.Е. алдын ала бекіту конференцияларын ұйымдастырып, студенттердің педагогикалық практикадан сапалы әрі тиімді өтуіне барлық жағдайлар жасауда.
ППУ баспасөз қызметі