«ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ ШАРТТАРЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ПЛАТФОРМАЛАРЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ»
22.04.2020
2020 жылдың 22 сәуірінде жаратылыстану жоғары мектебінің деканы Алиясова Валентина Нұрмағамбетқызы мен «Информатика» білім беру бағдарламасының жетекшісі Асамбаев Асен Жетпісбайұлы бастамасымен "Қашықтықтан оқыту жағдайында білім беру платформаларының мүмкіндіктері" тақырыбында вебинар ұйымдастырылды.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушылары Инновациялық Еуразия университетінің әріптестерімен бірлесіп вебинарға қатысты.
Асамбаев А.Ж. вебинарға қатысушыларды қарсы алып, карантиннің жариялануына байланысты оқу орындары онлайн оқуға көшумен бетпе-бет келген мәселелерді атап өтті. Cондай-ақ вебинар қашықтан онлайн оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін негізгі платформалар мен бағдарламаларды шолуға арналғанын айтты.
ИнЕУ ақпараттандыру басқармасының бастығы Абыкенова Дария Булатовна ЖОО-дағы қашықтықтан оқыту жағдайымен, сондай-ақ карантин жағдайында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды өткізу бойынша талаптар мен ұсынымдармен таныстырды. ҚОТ жағдайында дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертацияларды қорғауға мүмкіндік беретін технологияларға толық тоқталды.
Ельтинова Раушан Аманжоловна қашықтықтан оқытуды, онлайн оқытуды және аралас оқытуды ұйымдастыру туралы баяндаманы ұсынды. Socrative, QuizSlide, Mentimeter, Kahoot сияқты білім алушылармен кері байланыс ұйымдастыру үшін онлайн платформалар мен сервистерге шолу жасады. Мұхамедиева Қымбатша Мәуленқызы IDroo, WEBROOM сияқты жаңа онлайн сервистермен таныстырды.
Вебинардың қорытынды бөлімінде әріптестер университеттерде қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша мәселелерді талқылап, заманауи білім беру технологияларын пайдалана отырып, карантин жағдайында оқу процесінің сапасын жақсарту бойынша ұсыныстармен бөлісті.