Перейти к содержимому страницы.

АСТАНА ҚАЛАСЫ ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРІНІҢ БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ

03.04.2024

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне Астана қаласы білім басқармасының өкілдері келіп, жаңа салынып жатқан жайла мектептер үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шараның пленарлық кезеңіне Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, университет түлектеріне берілген керемет мүмкіндік үшін қонақтарға алғыс білдірді.

Университеттің фойесінде өткен бос орындар жәрмеңкесіне бітіруші курс студенттері көптеп қатысып, жаңа мектептерге жұмысқа қабылданудың талап-шарттары туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Астана қалалық білім басқармасының өкілі Нұртас Құрманғалиұлының сөзінше, биыл Елордада 24 мектеп салынып жатыр. Алдағы 2024-2025 оқу жылына дейін олардың 17-сі аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Ал алдағы 4 жылдың ішінде осындай 64 білім беру мекемесі салынады дейді.

- Әрбір мектептің жобалық қуаты екі мың орынға деп жоспарланған болса, оған кемінде екі жүз мұғалім керек. Сондықтан, біз әр өңірді аралап, педагогикалық университет түлектерін Елордамызға жұмысқа келуге шақырып жүрміз. Жаңа салынып жатқан заманауи мектептердің материалдық-техникалық базасы өте жоғары деңгейде. Балаларды қосымша дамыту үшін арнайы аймақтар мен кабинеттер құрылған. Соған сәйкес жұмысқа келетін маманға да жоғары талап қойылады. Яғни, министрліктің 57 бұйрығына сәйкес конкурстық форматта іріктеледі. Ал жұмысқа қабылданған ұстаздар арнайы жатақханамен қамтылатын болады. Жатақхананың ай сайынғы төлемі небары 6 АЕК-ті құрайды, - деді Нұртас Құрманғалиұлы.