АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒИМАРАТЫН ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ
26.06.2024
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті жанындағы Археологиялық зерттеулер институтының ескі ғимаратына ғылыми-реставрациялық жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Тарихи маңызы бар көне нысанды жаңарту процессі екі жылға жалғасатынын айтады жауапты мамандар.
Бұл нысан жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарында болғандықтан жөндеу жұмысына жаңа құрылыс материалдары алынбайды. Яғни, нысанның өзінен түскен ескі материалдарды өңдеп, қайта іске жаратады. Тарихи нысанды қайта қалпына келтіру жұмысын «Тұран тарихи-мәдени зерттеулер орталығы» ЖШС жүргізуде.
Құрылыс жұмыстарына жауапты Мақсат Биляловтің сөзінше, қазір нысанды демонтаждау жұмысы жүргізілуде. Атап айтсақ, алдымен ғимараттың ескі шатырын алып, жертөлесі мен жұмыс кабинеттері тазалануда.
-Реставрация жұмысы екі жылға жалғасады. Алдымен шатырын ауыстырып, ғимараттың ішкі бөлігін жаңартамыз. Сонымен қатар, электр желілері мен құбырлары толық ауыстырылады. Одан бөлек нысанның алдына қосымша ғимарат салынады. Ең соңында сыртқы қасбетін қайта қалпына келтіріп, өңдеу, бояу жұмысы жүргізіледі, - дейді.
Айта кету керек, бұл ғимарат ХХ ғасыр басында Орыс -Азияттық ішкі сауда банкінің филиалы болған. Қазіргі таңда Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының кеңселері орналасқан.