Перейти к содержимому страницы.

АРНАЙЫ ГРАНТҚА ИЕ БОЛҒАН ӘРІПТЕСТЕРІМІЗ КӨШБАСШЫЛАР МЕКТЕБІНЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

13.11.2024

Ұстаздық - ұлы жол! Білім саласындағы жауапкершілік пен көшбасшылық жолы әрқашан ілім мен ізгілікке апарары хақ. Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ұстаздары, соның ішінде Марғұлан университетінен Ә.Жакиенова, Ә.Сүлейменова, Н.Ахтаевалар сынды оқытушылары Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебі ұйымдастырған «Academic Leadership institute: Deans’ School» бағдарламасының 4-5- модульдеріне қатысу үшін елордасы Астанаға аттанды. Аталмыш бағдарламаның басты мақсаты – оқу орындары басшыларының біліктілігін арттыру, қазақстандық жоғары білімнің сапасын көтеру болып табылады. Әріптестеріміз бұған дейінгі «Білім беруді цифрландыру», «Студенттердің жетістіктері», «Таланттарды басқару» модульдерін Түркістан қаласындағы Яссауи университетінің қабырғасында сәтті аяқтаған болатын. Киелі Түркістан елінде олар «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамбілінің орындауындағы ұлттық өнер мәдениетіне, «Түркі әлемінің тариха панорамалық» мұражайы арқылы тарихқа бас иіп, дарынды студенттер сомдаған «Яссауи жолы» қойылымы арқылы ұлы ойшыл мұрасынан нәр алды.

«Білім - өмірдің мәні, өнер - жанның сәні» демекші, Түркістан жерінде өткен бағдарлама көшбасшылық шеберлікпен қоса ұлттық мәдениетке деген құрметті тереңдетуге бағытталды. Бұл бағдарлама Назарбаев Университеті тарапынан ұйымдастырылған білім саласындағы көшбасшылықты дамыту жолындағы айқын қадам ретінде, ұлттық және жаһандық білім жүйелерін ұштастыруда маңызды рөл атқарары сөзсіз.