АРДАГЕРЛЕР АЛҒЫСҚА ЛАЙЫҚ
26.12.2022
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев оқу ордасында ұзақ жыл еңбек етіп зейнетке шыққан ардагерлердің шаңырағына арнайы барып мерекемен құттықтады. Оқу ордасының басшысы ұлағатты ұстаздарды университеттің 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады.
Солардың бірі - Жармакин Олжабай Қайкенұлы. Ол 1935 жылы 28 қаңтарда Павлодар облысы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданында қазақтың қарапайым, еңбекқор отбасында дүниеге келген. 1956 жылы Алматыда шет тілдер педагогикалық институтын шет тілі мамандығы бойынша бітіріп, 5 жылдай мектепте мұғалім болды. Ал Павлодар педагогикалық институтындағы еңбек жолы 1964 жылы басталып, 30 жылға жуық еңбек етті. Яғни, 1992 жылға дейін шет тілдер кафедрасы меңгерушісі қызметін атқарып, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды.
- Мен Әлкей марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің жұмысымен жақсы таныспын. Көптеген жақсы жұмыстар атқарылып, жаңашылдықтар орын алуда. Университеттің ұжымын биылғы 60 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, - деп алғыс білдірді Олжабай Қайкенұлы.
1971 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды, ал 1973 жылы Кеңестер Одағының Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен шет тілдер кафедрасының доценті ғылыми атағы беріледі. Қазақ елі егемендік алған жылдары мемлекеттік қызметкерлер қажет болғандықтан Олжабай Қайкенұлы 1992-1997 жылдар аралығында мемлекеттік қызметте болды. Ал одан кейінгі еңбек жолы Торайғыров университетінде жалғасты. Аталған жоғары оқу орнында 1997 жылдың қыркүйек айынан бастап, 2017 жылға дейін ұстаздық етті. Олжабай Қайкенұлы 50-ден астам ғылыми мақала, 2 монографиялық еңбек және 5 оқулық жазып, студент қауымның игілігіне жаратты.
Өз кезегінде ардагеріміз Олжабай Қайкенұлы университет басшылығына және кәсіподақтар ұйымына көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, шексіз ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, жеке кітапханасында сақталған үлкен сөздік кітапты Павлодар педагогикалық университетінің кітапханасына өзінің қолтаңбасымен сыйлыққа берді.