Перейти к содержимому страницы.

“АРДАГЕР ҰСТАЗДАР - УНИВЕРСИТЕТТІҢ АЛТЫН ҚОРЫ”

19.02.2025

Бүгін Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Ержан Әмірбекұлы ұстаздар ордасының іргетасын қалап, бүгінгі күні сол қара шаңырақтың ақылшысына айналған алдыңғы аға буын өкілдерімен кездесті. Университет басшысы өз сөзінде ардагер ұстаздар оқу орнымыздың негізгі алтын қоры екенін айтып, ұзақ жылғы табысты еңбектері мен бүгінгі шынайы жаншырлықтары үшін алғысын білдірді.

- Бүгін өзіндік айтар ойы, қалыптасқан пікірі бар, сөйлесе сөздің майын тамызған алдыңғы буын аға-апаларымызбен емен-жарқын әңгімелесіп, университетіміздің кемел келешегі жөнінде ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауды жөн санадым. Себебі, өздеріңіздей ұлағатты ұстаздарды университетіміздің алтын қоры деп санаймыз. Жалпы, Ертіс Баян өңірін еліміздің төрт құбыласының бірі деп үнемі айтып жүрмін. Оның біріншісі - Қожа Ахмет Яссауи жатқан Түркістан, екіншісі Абай, Шәкәрім, Мұхтардай ұлылар туған Семей өңірі. Ал үшінші құбыласы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсаринның кіндік қаны тамған Торғай даласы болса, төртінші құбыласы ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп, қазақтың тұңғыш Академигі Қаныш Сәтбаев, тұңғыш археолог Әлкей Марғұландарды тудырған Ертіс-Баян өңірі. Міне, осындай қасиетті жердің қара шаңырағы мәртебесін алған университет әрдайым даму мен өркендеу үстінде болуы керек. Бұған сіздердің де ой-пікірлеріңіз, ұсыныс-тілектеріңіз ауадай қажет, - деді Ержан Әмірбекұлы.

Марғұлан университетінде жарты ғасырдан ұзақ қызмет етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздардың бірі - профессор Виктор Кольев. Оның ұстаздар ордасында еңбек еткеніне биыл 58 жыл болды. Өз сөзінде осы жылдар ішінде он ректормен жұмыс істеп, университеттің әр қадамының, әрбір жетістігі мен өсуінің куәсі болғанын атап өтті. Сонымен қатар, аға буынға айрықша көңіл бөліп, әрдайым олардың ұсыныс-пікірімен санасып келе жатқан университет басшылығына алғысын білдірді.

Кездесу барысында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Текжанов, Филология ғылымдарының докторы, профессор Зифа Темірғазина, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлфира Өтепова және басқа да оқытушы-профессорлар университеттің материалдық-техникалық тұрғыдан дамуына, жоғары білім беру сапасының одан ары көтерілуіне қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.