АҚШ-ТА ӨТІП ЖАТҚАН ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАҒА МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНЕН 3 СПОРТШЫ ҚАТЫСУДА
14.01.2023
АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан ХХХ қысқы Универсиада ойындарына барған Қазақстан құрамасының қатарында Павлодар облысынан үш спортшы бар. Барлығы Марғұлан университетінің студенттері. Олар - спорт және өнер жоғары мектебінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының студенттері: мәнерлеп сырғанаушы Ясмина Текик, конькимен жүгіруші Андрей Зуев және биатлоншы Ксения Долгополова. Универсиада 12-22 қаңтар аралығында өтеді.
Қысқы Универсиадаға Қазақстан атынан 78 спортшы аттанды, олар спорттың 10 түрінен ел намысын қорғайды. Оның ішінде шаңғымен жарысудан – 14, шорт-тректен – 12, биатлоннан – 9, мәнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден – 6, сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан – 2, шайбалы хоккейден 23 отандасымыз жарыс жолына шығады.
Биылғы жылы байқауға әлемнің 50 елінің университеттерінен 2500-ден астам студент қатысты. Студент-спортшылар байрақты бәсекеде спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Ел намысын қорғауға аттанған барша спортшыларға сәттілік тілейміз!
Фотолар lakeplacid2023.com сайтынан және студенттердің парақшаларынан алынған