Перейти к содержимому страницы.

«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ ШОЛПАН КАРИНОВА МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНЕ КЕЛДІ

09.11.2023

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова келді. Шолпан Таңатқызын университет ректоры Жанбол Жилбаев қарсы алып, оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндады. Алдымен үлкен дәліздегі тарихи тұлғалардың тақтасын және университет кітапханасын көріп, университеттің жалпы материалдық-техникалық базасымен танысты.

Сонымен қатар, университеттің басқарма мүшелерімен кездесіп, еліміздегі білім нарығына қажетті педагогикалық мамандар даярлау мәселелерін талқылады. Университет басшысы Жанбол Октябрьұлы Мемлекет басшысының педагогикалық кадр даярлау жөніндегі тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмыстармен, жаңадан ашылған білім беру бағдарламалармен және алдағы жоспарлармен бөлісті.

Сондай-ақ, "БАРШАҒА ҚОЛЖЕТІМДІ САПАЛЫ БІЛІМ" Ұлттық баяндамасының жоғары білім беру жүйесіне қатысты берілген тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары да сөз етілді. Ұлттық баяндамада «Жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім» атты жеке тарау бар. Мұнда жоғары білім мазмұнын өзгерту және жетілдіру, баршаға ортақ сапалы білім беру жүйесін құру, цифрлық трансформациялау тақырыптары қамтылған. Міне, аталған бағыттардың барлығы Марғұлан университетінде жоғары деңгейде атқарылып жатқаны айтылды.

 Айта кету керек, Марғұлан университеті бірқатар инновациялық бағдарламаларды әзірлеп, оларды білім беру бағдарламалары реестріне енгізді. Оларға тарих және ағылшын тілі, кибер-математика, өнер білімі және кәсіпкерлік, интерактивті тарих, дене шынықтыру және сауықтыру білімі, ағылшын тілі мен әдебиет, медиадидактика сынды бағдарламалар жатады. Қазіргі уақытта осы мамандықтарға студенттерді қабылдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылы да жаңа мамандықтар әзірлеу және енгізу жоспарлары бар.

Марғұлан университеті қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша үлкен келісімшарттар жүзеге асыруда. Атап айтсақ, жақында  Түркияның Тоқат Газиосманпаша мемлекеттік университетімен қос дипломды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Еске сала кетейік, бұл жоба «Тарих» және «Шетел тілі» мамандықтары бойынша жүзеге асырылмақ.

Партия хатшысы Шолпан Таңатқызы  университетте сапалы педагогикалық мамандарды даярлау бағытындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі және сапалы орындауды тапсырып, ұжымға сәттілік тіледі.