«АЛТЫН ОЙМАҚ» АТТЫ ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫ ӨТТІ
22.02.2023
Margulan university Өнер және спорт жоғары мектебінің «Көркем еңбек» білім беру бағдарламасының оқытушылары Индира Дәулетова, Әйгерім Алежанова және шебері Маржан Темірханова С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Алтын оймақ» шеберлік сабағын өткізді. Іс-шараға №25 жалпы орта білім беру мектебінің 8 сынып оқушылары қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесу мектеп оқушыларының ерте кәсіптік бағдар беруіне қолайлы жағдай жасау, олардың шығармашылық әрекетке бейімділігін анықтау мақсатында өткізіліп отыр.
Шеберлік сабағында ұстаздар мен оқушы қыздар құрғақ киіз басу әдісімен жүнмен жұмыс жасады. Құрғақ киіз басу үшін жүнді тесетін арнайы инелерді пайдаланған. «Бүгінгі шеберлік сабағында қыздар кәдесый, декор немесе ойыншық ретінде пайдалануға болатын көлемді жүн бұйымдарын жасауды үйренді. Олар бұл техниканың көмегімен нағыз шедеврлерді – қайталанбас, әдемі бұйымдарды жасауға болатынын білді», – дейді Индира Дәулетова.
Сонымен қатар, қатысушылар киізді моншақпен кестелеп өз қолдарымен брошь жасады. Мұндай заттар әрқашан сәнгерлер арасында сұранысқа ие. Олар заманауи материалдардан жеке пайдалануға немесе жақындарына сыйлық ретінде әдемі заттарды жасауға болатынын білді.
8 «Б» сынып оқушысы Мүсәлім Диляра сәндік-қолданбалы қызықты өнер сабағы үшін ұстаздарға алғысын білдірді. «Бүгін біз өте қажетті, пайдалы дағдыларды үйрендік. Маған әдемі әшекей бұйымдарын жасау өте ұнады. Өз қолыңызбен бірегей өнер туындыларын жасау өте керемет!» - деді ол.
Сондай-ақ кездесу барысында мектеп оқушылары эко сөмке тігуге қажетті дағдыларды меңгеріп, тігін машинасының жіптерін реттеуді үйренді, қол тігістерінің түрлерімен және олардың қолданылуымен танысып, шеберлердің дайын жұмыстарын көрді.