ӘЛИЯНЫҢ ЕРЛІГІ: ҰМЫТПАЙМЫЗ. ҰЛЫҚТАЙМЫЗ
15.05.2025
Марғұлан университетінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған кездесу өтті.
AMANAT партиясының әйелдер қанаты мен университеттің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырған шараға оқытушылар, студенттер қатысып, батырдың қысқа ғұмырында жасаған ерліктерімен танысты.
Кездесуге партияның әйелдер қанатының төрайымы Света Абдраманова, Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гульбарам Науразбаева, Торайғыров университетінің профессоры Ирина Чидунчи және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Марғұлан университетінің профессоры Замзагуль Сабданбекова студенттерге Әлия Молдағұлованың ерлік жолы туралы айтып берді. Ол өзінің қысқа ғұмырында Отанға деген ерлігі мен қайсарлығының символына айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, батырдың өмірі мен ерлігін насихаттау, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, сондай-ақ патриоттық тәрбиені сақтау және әйелдердің тарихтағы рөлін көрсету.