Перейти к содержимому страницы.

«ӘЛЕМГЕ ҒЫЛЫМ АРҚЫЛЫ ҚАРАУ» АТТЫ КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

24.02.2023

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында биология ғылымдарының докторы, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Жаратылыстану жоғары мектебінің профессоры Наталия Тарасовскаяның «Әлемге ғылым арқылы көзқарасы» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерде Марғұлан университеті Жаратылыстану жоғары мектебінің әріптестерімен бірлесіп орыс және қазақ тілдерінде жазылған және 2022-2023 жылдары жарық көрген 7 оқулық ұсынылды. Кітаптар оқырмандарды Павлодар өңіріндегі ең көп таралған өсімдіктер мен жануарлармен таныстырады, авторлық иллюстрациялар оларды дәл анықтауға көмектеседі.

Оқыту құралдарына зертханалық жұмыстар, жұмыс дәптерлері, иллюстрациялық бақылау жұмыстары, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқу үрдісінде, далалық тәжірибелер мен экскурсияларда қолдануға болатын викториналық тапсырмалар кіреді. Табиғат және жаратылыстану мұражайларына экскурсиялардың көптілді қысқаша мазмұны көрсетіледі.

Наталия Евгеньевна Павлодар облысында өсетін өсімдіктермен шай және кофе сусындарының алмастырғыштарын жасау жобасына қатысады. Зерттеу бағыты бойынша «Павлодар облысының тағамдық және технологиялық жабайы өсімдіктері» оқу-әдістемелік құралы жазылды.

Профессор Н.Е. Тарасовская Марғұлан университетінің, сонымен қатар Астана және Алматы қалаларының биотехнологтарымен бірлесе отырып, жергілікті өсімдік материалдарынан өзіндік дәмі мен максималды пайдасы бар шай, кофе және десерттер сияқты тағамдық өнімдерді әзірлеуде.

Тұсаукесерде ұсынылған кітаптардың барлығын Наталия Евгеньевна кітапханаға сыйға тартты. Сондай-ақ, келушілер назарына Наталия Евгеньевнаның өмірі мен шығармашылығы туралы «Ғылыми кітап – жалықтырмайды» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесіне профессор Тарасовскаяның өлеңдер жинағы қойылды. Ұстаздың жан-жақты таланты поэзияда да көрінді. Ол өзінің «Сколько людей – столько и песен» атты өлеңінде өмірдегі мұраты – адамдарға көмектесу, қоғамға қызмет ету екендігін жеткізді:

«...Если же в руки Бог дал тебе лиру,
Должен служить ты этому миру,
Чтоб не страшиться пустой тишины,
Каждый по-своему спеть мы должны...»

Тұсаукесерге Павлодар қаласының барлық жоғары оқу орындарындағы әріптестері, педагогикалық еңбек ардагерлері, университтер мен колледждердің студенттері, педагогикалық университеттің түлектері қатысты. Барлық сөз сөйлегендер Наталья Евгеньевнаның жоғары кәсіпқойлығын, зор еңбек қабілетін, шығармашылық қайрат-жігерін, кең ауқымды қызығушылығын атап өтіп, жас ғалымдар мен зерттеушілерге көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, оған зор денсаулық және алдағы уақытта да жемісті еңбек тіледі.

Наталья Тарасовская Марғұлан университетінде 1992 жылдан бері жұмыс істейді, ғылыми журналдарда 1500-ден астам жарияланымдары, 20-дан астам оқу құралдары мен монографиялары, өнертабыстар мен пайдалы модельдерге 150-ден астам патенті бар. 2 ғылым кандидатын, 40-тан астам биология ғылымының магистрін дайындады. Қазіргі кездегі ғылыми қызығушылықтары: экологиялық паразитология, орнитология, мұражай ісі, жаратылыстану пәндерін оқыту әдістемесі, экологиялық тәрбие беру, өлкенің шикі және дәрілік өсімдіктерін пайдалану.

Жиын соңында университет өкілдері осындай тамаша іс-шараны ұйымдастырған С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді.