АКАДЕМИЯЛЫҚ МОБИЛЬДІЛІК: Германиядан келген студенттер Марғұлан университетіндегі оқу тәжірибесінен алған әсерлерімен бөлісті
16.05.2025
Академиялық мобильділік аясында біз, Дрезден техникалық университетінің студенттері, Марғұлан университетінде өткізген уақытымызда тәжірибе алмасу, білімді кеңейту және халықаралық ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктерді көрдік.
Бізді университеттің ректоры Ержан Әмірбекұлы, ПОҚ мен гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің студенттері жылы қарсы алды, және алғашқы күндерден бастап біз өзімізді сыйлы қонақтар ретінде сезіндік.
«Әдебиеттік өлкетану», «Шетел әдебиеті» және «Синтаксис» сияқты қызықты дәрістерде біз білімімізді тереңдетіп, жаңа мүмкіндіктер алдық. Біз Шымкент қаласында өткен халықаралық форумға шақыртылып, «Білімде шекара болмайды» жобасы бойынша сөз сөйледік. Бұдан бөлек, ХХ Халықаралық студенттік ғылыми-практикалық конференцияға қатысу мүмкіндігіне ие болдық, онда пленарлық отырыста Германия Федеративтік Республикасының білім беру жүйесі туралы айтып бердік.
Ерекше есте қалған сәт, Абай атындағы дарынды балалар гимназиясына баруымыз болды, онда біз Қазақстанның білім жүйесі туралы түсінік алдық. Мектепте мұғалімдер мен оқушылар арасында конструктивті диалог болды.
Шымкент, Түркістан, Астана және Алматы қалаларына жасаған сапарларымыз қазақ елі жайлы түсінігімізді байытты.
Академиялық бағдарламадан бөлек, біз қазақ мәдениеті - оның дәстүрлері, тарихы, таңғажайып асханасы және ең бастысы, қазақ халқының мейірімділігі мен қонақжайлылығы туралы білдік.
Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлына, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің орыс тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының ПОҚ мен студенттеріне және осы тамаша мүмкіндікті ұйымдастыруға қатысқан жандарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бұл біз үшін керемет тәжірибе болды. Рақмет Сіздерге!