Академик Әбікен Бектұровтың 120 жылдығына арналған көрме
26.12.2021
Павлодар педагогикалық университетінің Ермұхан Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханасы «Оқитын мектеп – оқитын ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыру мақсатында облыс орталығындағы №7 мектепте көрнекті ғалым, академик Әбікен Бектұровтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Аты аңызға айналған академик» атты кітап көрмесін тұсаукесерін өткізді.
Кітапханашылар Мусина Тұрсын Мұсабайқызы мен Төлебаева Гүлнар Мусаевна көрмеге библиографиялық шолу жасап, 5,7,8 сынып оқушыларын академик Әбікен Бектұровтың өмірбаянымен таныстырды.
Әбікен Бектұров 1901 жылы 25 желтоқсанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Омбы ауылшаруашылық институтын, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасын аяқтаған. Көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері химия ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан 400-ден астам құнды еңбектер, оның ішінде 3 монография, 30-дан астам өнертабыс жазған.
Әбікен Бектұровтың жетекшілігімен 40-тан астам ғылым кандидаттары мен көптеген ғылым докторлары диссертация қорғады. 1991 жылы Бектұровтың отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланып, Химия ғылымдары институтына және Павлодар қаласының орталық көшелерінің біріне академик А.Бектұровтың есімі берілді. Оқушылар көрмеге қойылған материалдармен үлкен қызығушылықпен танысып, ұлы жерлесіміз туралы алған білімдері үшін кітапханашыларға алғыстарын білдірді.