«АКАДЕМИК ӘБІКЕН БЕКТҰРОВ» АТЫНДАҒЫ ОҚУ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ
05.12.2022
Павлодар педагогикалық университетінің 60 жылдық мерейтойы аясында «Академик Әбікен Бектұров» атындағы оқу аудиториясының ашылуы болды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғалым, академик Ә.Бектұровтың құрметіне арналған аудиторияны салтанатты түрде ашу құрметі ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевке және ғалымның туысы Сайлау Тәжібаевқа беріледі.
Бүгін көптен күткен тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Әбікен Бектұрұлы менің әкем іспетті болып кеткен кісі еді. Кезінде көзін көріп, ақыл-кеңесін тыңдадық. Ол кісі екі ағайынды – Хамзе және Әбікен. Менің бала кезімде ағасы Хамзе Бектұровпен жақын отырдық. Сол кезде Әбікен ағасының үйіне жиі келетін. Ал бүгін университет қабырғасында арнайы аудитория ашылуының куәсі болды. Бұл біздің әулетіміз үшін үлкен мәртебе. Барша университет ұжымына алғыс білдіремін деді Әбікен Бектұровтың туысы, - Сайлау Тәжібаев.
ППУ химия мамандығының 4 курс студенті Мұстақым Бекболат көрнекті ғалымның құрметіне ашылған жаңа аудиторияны қонақтарға таныстырып, Ә.Бектұровтың ғылыми еңбегі туралы айтып берді.
Әбікен Бектұрұлының өмірі мен шығармашылық жолына қысқаша тоқталар болсақ, ол 1901 жылғы 25 желтоқсанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Әбікен Бектұров дүниежүзін мойындатқан ғалым. Оны мына дерекпен дәлелдеуге болады. Кеңес өкіметі тұсында Америкада өте ауқымды, дүниежүзінің ғалымдарын қамтыған ғылыми энциклопедия жарық көрді. Сол энциклопедияға Кеңес өкіметі елдерінен бар жоғы 10 ғалым ғана енген. Соның бірі – біздің жерлесіміз Әбікен Бектұров болатын.