ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?
19.09.2022
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты соңғы Жолдауында елдегі ғылым және жоғары білім беру саласын жетілдіруге, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, жатақханамен қамтуға қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Сондықтан, бұл Жолдауда айтылған мәселелердің жүзеге асырылуы студенттер үшін де аса маңызды.
Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің №2 студенттер үйінде жас ұстаздармен және студенттермен кездесу болып, Президент Жолдауы талқыланды. Шараға Павлодар педагогикалық университеті тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мақсат Нығманов, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам белсендісі Еркеғали Жанғазы қатысты.
Жалпы, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы «Жаңа Қазақстанды құру дегеніміз не?», «Әділетті қоғамды қалай қалыптастырамыз?» деген секілді сұрақтарға қатысты тұщымды ой айтып жүрген азаматтардың бірі болып саналады. Бүгінгі кездесу барысында да осы тақырып төңірегінде сөз сөйлеп, жастардың сұрағына жауап берілді.
- Жалпы, студенттер елдегі саяси өзгерістерден әрдайым хабардар болып отыруы керек. Әсіресе, Мемлекет басшысының Жолдауының орындалуы сіздерге де тікелей қатысы бар. Себебі, ғылым және жоғары білімге қатысты көп мәселелер көтерілді. Осы ретте «Әділетті Қазақстанды құру үшін нес істеу керек?» деген сауал туындайды. Әрине бұл бір медицина саласын жақсартумен, бір білім саласын жетілдірумен, бір жемқорлықты жоюмен құрылмайды. Әділетті Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғамды өзгертіп, оған баршамыз атсалысуымыз керек. Мысалы ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру міндеті мектепке ғана жүктелмейді. Бұл міндет ұстазға, отбасы мен ата-анасына және тұтас қоғамға ортақ міндет, - деді Еркеғали Жанғазы.
Кездесу барысында қоғамдық өзгерістерге, саяси мәселелерге қатысты өзіндік ой-пікірі бар белсенді студенттер де сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.