ӘДЕМІ БҰЙЫМДАР ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?
03.03.2023
Бейнелеу өнері, графика және дизайн мұғалімдері Индира Дәулетова мен Перизат Балташева ағаштан кәдесый қуыршақ жасау бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Сабақ Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен "Педагогикалық білім берудегі қазіргі тенденциялар: бейнелеу өнері, көркем еңбек және кәсіптік оқыту" атты Қысқы мектеп аясында өтті. Шеберлік сабағында мұғалімдер кәдесый қуыршақтарды жасаудың және оларды көркем суретпен безендіру технологиясын көрсетті.
Оқытушы Индира Дәулетованың айтуынша, білім беру бағдарламасының студенттері ұстаздардың жетекшілігімен этникалық нақыштағы заттарды кезең-кезеңімен жасауда. Бірте-бірте шеберліктерін шыңдай отырып, олар өз қолдарымен нағыз өнер туындыларын жасайды.
«Студенттердің шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруда дәстүрлі өнерді жаңғырту орасан зор рөл атқарады. Бұл дағдылар мен қабілеттер олардың болашақ кәсіби қызметінде қажет болатыны сөзсіз», – дейді Индира Ғаділбекқызы.
Еске салайық, ұстаздарымыз студенттерге жүн, киіз, ағаш және басқа да материалдардан этникалық стильде бұйымдар жасауды үйретеді. Бірегей сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасайтын кәсіпқойлар ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтауға үлес қосатыны сөзсіз.