АБАЙ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
10.08.2022
Бүгін, 10 тамыз - қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бері «Абай күні» деп аталып келеді. Яғни, ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Үкіметінің қаулысымен мерекелік күнтізбелер қатарына енгізілген. Міне, содан бері Абай күні мерекесі қарсаңында ақынның өлеңдері мен әндері, қара сөздері насихатталып, жас ұрпаққа мәнді-маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, абайтанушы ғалым Ғарифолла Есімнің бастамасымен Аққулы ауданында республикалық Абай оқулары байқауын өткізу дәстүрге айналған. Абай мұрасы мен шығармашылығын насихаттау, кейінгі ұрпақ санасына сіңіру шаралары Павлодар педагогикаық университетінде де үздіксіз жүргізіліп келеді.
Биыл университет қабырғасында «Академия Абай» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың негізгі міндеті жас ұрпаққа Абай мұрасын насихаттау, орта білім беру мектептерінде оқытылатын Абайтану ілім жетілдіру. Академияның ашылуына өңірімізге белгілі ғалымдар, профессорлар мен университет оқытушылары қатысты. Шараның өтуіне орталық төрағасы, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім мұрындық болып отыр.
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу орталығы Павлодар педагогикалық университетінде ашылды. Басты идея Павлодар қаласында «Абай» ескерткіші ашылғаннан кейін туындады,- деді абайтанушы Ғарифолла Есім.
Баршаңызды бүгінгі Абай күні мерекесімен құттықтаймыз. Кейінгі ұрпақ, ұл-қыздарымыз Абай сөзімен сусындап, ұлы ақынның өнеге-өсиетін қан тамырына сіңіре берсін.