Перейти к содержимому страницы.

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

05.09.2022

Павлодар педагогикалық университетінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ел бүгіншіл – менікі ертең үшін» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға университеттің тілші ғалымдары, оқытушылары және студенттері қатысты. Жиынды Павлодар педагогикалық университеті ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Есенгелдин бастап, ұлт ұстазының ұлтқа сіңірген еңбегі туралы баяндады.
- Ахмет Байтұрсынұлының кейбір еңбегін «Жаңа Қазақстанды» құру идеяларымен де байланыстыруға болады. Яғни, көптеген зерттеулері мен нақыл сөздерін ел тізгінін ұстайтын жас азаматтарға арналған нұсқаулық ретінде қарастыруға болады. Сонымен қатар, ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға және дамытуға қатысты өте терең ойлары бар. Сондықтан,кейінгі жас ұрпақ қоғам қайраткерінің осы секілді қағидаларын еске ала отырып, тілімізді дамытуы керек. Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін зерттеуде және насихаттауда белгілі бір дөңгелек үстелмен шектелуге болмайды. Құнды еңбектерін күнделікті оқу барысында да қолданған жөн, - деді Бауырдан Сатыбалдыұлы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы «Сана саңылауынан таным таразысында қайнаған «Тіл құралы» тақырыбында баяндама жасап, Ахмет Байтұрсынұлының есімін ұлықтап, еңбегін насихаттауға қатысты бірнеше ұсыныс айтты. Мысалы, қазан айының басында аталап өтілетін ұстаздар күні мерекесін 5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен ұштастыруға болатынын жеткізді. Сонымен қатар, өңірімізде бір де бір көшеге немесе мектепке ұлт ұстазының аты берілмегенін ескертіп, осы олқылықты толтыратын уақыт жеткенін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында ППУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейфитден Сүтжанов, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов, Айгүл Садықова, «Тарих» білім беру бағдарламасының 2 курс докторанты Арман Омаров Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы хақында баяндама жасады.