МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ПӘН ЕНГІЗІЛДІ
20.10.2023
Бүгін Марғұлан университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Зият Айткенов студенттер арасында «Әлкей Марғұланның этнографиялық зерттеулері» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Биыл Марғұлан Университетінің «Тарих» білім бағдарламасының оқу үдерісіне жаңа «Марғұлантану» пәні енгізілді. «Марғұлантану» пәні бойынша әдістемелік құралды филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфитден Сүтжанов пен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зият Айткенов әзірлеуде.
Пәннің мақсаты – көрнекті ғалым, археолог, шығыстанушы, тарихшы, әдебиеттанушы, өнертанушы Әлкей Хақанұлы Марғұланның өмірі мен шығармашылығын мысалға ала отырып, оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, ғылымға деген ынтасын арттыру.
«Марғұлантану» пәнінің оқу бағдарламасына академик Әлкей Марғұланның шығармашылық өмірбаянын және оның тарих, этнография, археология және филология ғылымдарының дамуына қосқан үлесін, этнофольклор мен этнопедагогикаға қатысты ғылыми еңбектерін зерттеу кіреді.
Пәнді оқу барысында болашақ ұстаздар Әлкей Марғұланның тарих, этнография, археология және филология салаларындағы шығармашылық мұрасына, этнофольклор мен этнопедагогикаға қатысты ғылыми тұжырымдарына жан-жақты талдау жасайды. Практикалық сабақтарда оқытушымен бірлесе отырып, студенттер ғылыми ойларға сыни тұрғыдан қарап, қорытынды жасауға, талдауға, проблемаларды анықтауға және бағалауға, өз көзқарасын қорғауға, пікірталастарда өз ойларын, ұсыныстарын айтуға үйренеді.