Перейти к содержимому страницы.

13 АҚПАН 2026: КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ ӨТТІ

15.02.2026

Кеңейтілген алқа отырысының екінші күні Алматыдағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінде жалғасты. Аталмыш шарада ғылым мен жоғары білімді цифрландыру, жасанды интеллект, интернационализация және ғылыми жобаларды коммерцияландыру тақырыптары қозғалды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаева төрағалығымен өткен алқа отырысында нысаналы бағдарламалық қаржыландыру аясындағы жобалардың нәтижелері, ғылыми зерттеулердің сапасы мен оларды коммерцияландыру мүмкіндіктері сараланды. Сонымен қатар, интернационализация бағытындағы бастамалар қарастырылып, саланың өзекті сын-қатерлері мен алдағы міндеттері айқындалды.

Саясат Нұрбек 2025 жылғы қорытындылар мен 2026 жылға арналған міндеттерді таныстырып, гранттық бағдарламаларды тиімді пайдалану, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми зерттеулердің халықаралық деңгейдегі интеграциясын атап өтті.

Сондай-ақ, Coventry University атынан Доктор Крейг Блайт халықаралық стандарттар мен технологиялар трансферті, білім беру мен ғылымдағы британдық тәжірибе жайлы баяндады. Атамекен өкілі Олжас Ордабаев бизнес пен жоғары білімнің өзара ықпалдастығы, адам капиталы мен әлеуметтік саясат мәселелерін талқылады. Quacquarelli Symonds агенттігінің президенті Квакварелли Нунцио және атқарушы директоры Патрик Бразерс (онлайн) Қазақстан университеттерінің жаһандық позициясын нығайту жолдарын ұсынды.

Алқа отырысының салтанатты марапаттау рәсімінде жас ғалымдарға пәтер кілттері беріліп, мемлекеттік наградалар мен ғылыми сыйлықтар табысталды. Ғылым саласына үлес қосушылар «Үздік ғылыми қызметкер» және «ЖОО үздік оқытушысы» атақтарына ие болды.

Ауқымды жиынның екінші күнінде қатысушылар жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдердің практикалық қолданылуын, ғылыми жобалардың нәтижелерін және интернационализация бағытындағы нақты қадамдарымен жақынырақ танысты. Кездесуда айтылған ұсыныстар мен талқылаулар Қазақстан ғылымы мен жоғары білімінің стратегиялық дамуына серпін берді.