1,5 МЫҢНАН АСТАМ ТАЛАПКЕР МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ АТАНДЫ
31.08.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қабылдау комиссиясы өз жұмысын аяқтады. Ертіс-Баян өңірінің ұстаздар ордасы 2023-2024 жаңа оқу жылын айтарлықтай жақсы жетістіктермен, айтулы жаңалықтармен қарсы алып жатыр. Атап айтар болсақ, биыл университетке 1558 талапкер қабылданып, өз өмірлерінің маңызды кезеңін бастады. Соның ішінде 520 студент мемлекеттік грантқа ие болды. Олардың ішінде Алтын белгі иегерлері, әртүрлі олимпиада жеңімпаздары, спорттық сайыстардың жүлдегерлері де бар. 21 талапкер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, 41 талапкер университет грантының иегері атанып отыр. Одан бөлек мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінен 75 талапкер келді.
Сонымен қатар, 102 адам магистратураға, 7 адам докторантураға түсіп, өз оқуларын жалғастыратын болады. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне 23 шетел азаматы түсті. Олар Өзбекстан, Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінен келді.
Осы ретте университет табалдырығын аттаған барша жастардың қадамына құт, талабына нұр тілей отырып, болашақта еліміздің өркендеуіне үлес қосатын білікті маман және тәрбиелі азамат болып шығуына тілектеспін!