УНИВЕРСИТЕТТІҢ ЖАҢА МИССИЯСЫ: МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «STARTUP NATION АРХИТЕКТУРАСЫ» КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
29.09.2026
Марғұлан университетінде «Startup Nation архитектурасы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап авторы – Сорбонна университетінің PhD докторы, Директорлар кеңесінің төрағасы, инновациялар мен технологиялық кәсіпкерлік саласының сарапшысы Арын Орсариев.
Кітаптың тұсаукесеріне ғалымдар, оқытушылар, студенттер және қоғам өкілдері қатысты. Кездесуге Торайғыров университеті, ИнЕУ, облыстық кәсіподақ, мемлекеттік басқару саласының өкілдері мен өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері де қатысты.
Іс-шараны Марғұлан университетінің Басқарма Төрағасы – ректор Алтынбек Нухұлы ашты. Ол қонақтарды құттықтап, ортаға салынған тақырыптың бүгінгі білім беру жүйесі үшін маңыздылығына тоқталды. Одан кейін кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Кітап авторы Арын Орсариев еңбекті жазуға түрткі болған идея туралы айтып, бүгінгі университеттің қызметі аудитория, дәріс пен емтихан аясынан әлдеқайда кеңейгеніне тоқталды.
Кітапта жоғары білім беру жүйесінің өзгеруі, заманауи университеттің қандай болуы керектігі және ғылыми идеяны нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік беретін инновациялық ортаны Қазақстанда қалыптастыру мәселелері қозғалған.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар ғылым жетістіктерін коммерцияландыру, ғалымдар мен оқытушылардың рөлі, халықаралық тәжірибе және оны Қазақстан жағдайында қолдану мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды.
Презентация соңында қонақтар авторға кітаптарын қол қойдырып, естелік суретке түсті.
«Startup Nation архитектурасы» университетке кеңірек қырынан қарауға мүмкіндік береді. Яғни университетті тек білім алатын орын ретінде емес, жаңа идеялар, технологиялар мен жобалар дүниеге келетін орта ретінде танытады.



