Түркияда ғылыми тағылымдама
«Тарих» білім беру бағдарламасының докторанты Маусым Шәкім «Қазақ халқының музыкалық мұрасы негізінде Қазақстан тарихын оқыту әдісі» зерттеу тақырыбы аясында Түркияның Хаджи Байрам Вели университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Ғылыми тағылымдаманы жүзеге асыру және жоспарланған жұмыстарды орындау тағылымдамадан өтудің алдын ала бекітілген жоспарына сәйкес жүргізілді. Ғылыми-зерттеу тағылымдамасының мақсаты - кәсіптік музыкалық оқыту деңгейін арттыру, диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша шетелдік ғылыми жетекшінің кеңестерін алу, зерттеу жұмысы мен мақалалар жазу үшін эмпирикалық материал жинау, практикалық жұмыс түрлерін жүргізу болып табылады.
Тағылымдама барысында докторант тарапынан шетелдік зерттеушілер – т.ғ.д., профессор Гүлжанат Құрмангалиева, п.ғ.д., профессор Озгур Харун, ф.ғ.д. және ә.ғ.д., профессор Омер Фарукпен ғылыми зерттеу мәселесіне қатысты бірлескен жұмыстар атқарылды. Тарих және әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенттерімен шетелдік педагогикалық жұмыс тәжірибесі, Хаджи Байрам Вели университетінде тарихты оқытудың әдістері мен тәсілдері зерттеліп, бірлескен мақалалар жарияланды. Сонымен бірге университеттің қоғамдық-мәдени шараларына да қатысу мүмкіндігі болды.
Ғылыми тағылымдаманың нәтижелілігі мен тиімділігі туралы докторанттың пікіріне тоқталсақ: «Анкара қаласындағы Хаджи Байрам Вели университеті 1990 жылы құрылған мемлекеттік университет болып табылады. Оның 12 факультеті бар, олардың әрқайсысы 80-нен астам мамандық бойынша дайындық жүргізеді, сонымен қатар Анкара қаласының маңында орналасқан 3 жоғары институт, 17 кәсіби колледжі бар. Зерттеу университеті ретінде Анкара қаласындағы университет 10 ғылыми-зерттеу және қолданбалы орталықтар мен 191 зертханалық және практикалық оқыту арқылы ғылыми зерттеулерді жалғастыра отырып, өнеркәсіп пен қоғамға үлес қосуда. Жалпы, шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасуға бағытталған ғылыми тағылымдамалар ғылыми зерттеудің проблемалары мен міндеттерін шешуге, ғылыми-зерттеу жұмысын жазуда практикалық көмек көрсетеді».
Авторы: А.М. Садыкова, «Тарих» білім беру бағдарламасы