"ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ - ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ"
04.06.2024
Торайғыров университетінде Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай "Тарихтан тағылым – өткенге тағзым" атты тақырыптық кездесу өтті. Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты. Сондай-ақ, Павлодар облысы мемлекеттік архивінің сарапшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері және университет ғалымдары қатысып, баяндама жасады.
Марғұлан университетінен аталған шараға гуманитардық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Айгүл Садықова қатысып, ХХ ғасырдың 20-50 жж. аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының тарихын зерттеу нәтижелерін баяндап, жарық көрген жинақтарға шолу жасады. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қараша айында қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құру туралы арнайы жарлық шығарған болатын, бұл ғалымдардың жүйелі зерттеу жұмыстарына тың серпіліс берді. Облысымызда құрылған аймақтық комиссия аясында бірнеше зерттеу топтары ұйымдастырылды. Сол комиссияға Марғұлан университетінен де тарихшы-ғалымдар кірді. Олар - А.Е. Каримова, Б.Құдайбергенұлы, З.А.Сабданбекова, З.Ш.Айткенов, А.М.Сыздыкова, А.С. Молдакимова, А.М.Садыкова. Осы ретте қуғын-сүргін тарихын зерделеу, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың есімдерін іздеу және оларды ақтау бағытында іске асырылған жұмыстардың тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде маңызы зор екенін ұмытпау керек.