«STUDENT STREET»: МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СТУДЕНТТІК ҰЙЫМДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
22.09.2026
Марғұлан университетінде «STUDENT STREET» студенттік ұйымдар жәрмеңкесі өтті. Бір алаңға Студенттік парламент өкілдері, студенттік ұйымдардың көшбасшылары мен университет өміріне белсенді араласуға қызығушылық танытқан студенттер жиналды.
Дәстүр бойынша жәрмеңкені студенттік өзін-өзі басқару өкілдері ашты. Қатысушылар алдында Студенттік парламент мүшелері, студенттік министрлер, жоғары мектеп декандары және студенттік ұйымдардың көшбасшылары сөз сөйлеп, өз жұмыстарының негізгі бағыттарын таныстырды.
Биыл университеттің 14 студенттік ұйымы өз қызметін таныстырды. Олардың қатарында MU Media, Жастар ісі жөніндегі комитет, «Жастар рухы» жастар қанаты, «Lotos» волонтерлік ұйымы, ZHERUIYQ SPACE, «Ақиқат» және «Veritas» дебат клубтары, Enactus Margulan командасы, «Ғибрат» театры, «Құс қанат ғұмыр» әдеби-поэтикалық ұйымы, «Li-Femme» клубы, MU Entertainment және «Мұрагер» би ұжымдары бар.
Әр ұйым өз бағытын таныстырып, жобалары мен студенттерге беретін мүмкіндіктері туралы айтып берді. Жәрмеңкеде мобилография, волонтерлік және қоғамдық қызметтен бастап шығармашылық, пікірсайыс, би және жобалық жұмысқа дейінгі түрлі бағыттар қамтылды.
«STUDENT STREET» жәрмеңкесі студенттер үшін жаңа таныстықтар мен тың идеялардың тоғысқан алаңына айналды. Іс-шара барысында қатысушылар өз қызығушылықтарына сай бағытты таңдап, пікірлес жандармен танысып, университеттің белсенді өміріне қосылуға мүмкіндік алды.



