РЕСПУБЛИКА КҮНІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ЗОР
12.10.2022
2022 жылдың шілде айында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің тізіміне бірқатар өзгерістер енгізудің уақыты келгенін мәлімдеді. «Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын.
Естеріңізге сала кетейін, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Бұл құжатты қабылдауда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өте маңызды рөл атқарды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Республика күні еліміздің мемлекеттілікке батыл қадам жасауының символына айналуы тиіс. «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн басты ұлттық мереке болып қала береді. Десек те, бұл күнді тәуелсіздікке сүбелі үлес қосқан халық қаһармандарын еске алу күні ретінде атап өту керек».
1990 жылғы 25 қазанда "Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы" Декларация қабылданды. Декларацияға сәйкес, Республика маңызды мәселелерде – әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ұлттық құрылыста шексіз егемендікке ие болды. Республиканың барлық байлығы, оның ішінде жер асты байлығы Қазақ КСР-нің айрықша меншігі болып жарияланды.
Егер Одақтық уағдаластықтар Республика заңына заңды түрде қайшы келсе, онда Қазақ КСР заңдарына басымдық берілді. Декларация республиканың бірде-бір бөлігінің иеліктен шығарылмайтындығын жариялады, Қазақ КСР-нің әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге қатаң тыйым салынды.
Декларация Қазақстанның әлемнің басқа мемлекеттерімен экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды дербес дамытуға құқығы бар екенін жариялады.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, "Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы" Декларация мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы нақты, ірі қадам деп толық негіздемемен есептеуге болады.
11 қазанда Павлодар педагогикалық университетінде «Құқық, тарих және кәсіпкерлік» білім беру бағдарламасы Республика күні қарсаңында кездесу өткізді. Онда барлық БББ мұғалімдері мерекенің маңыздылығын атап өтті.