Перейти к содержимому страницы.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен академиялық оралымдылық шеңберінде шетелде оқуға конкурс жариялау

2026-2027 оқу жылының күзгі семестріне Еуропа университеттерінде академиялық оралымдылық бағдарламасы аясында оқуға конкурс жарияланады. Қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Гранттық орындар саны – 10.

Конкурсқа барлық білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриаттың 1-2 курс студенттері (мемлекеттік білім беру гранты негізінде және ақылы негізде білім алушылар) қатыса алады.

Үміткерлерге қойылатын талаптар:

Үміткерлер «Академиялық оралымдылық шеңберінде шетелде оқу конкурсына қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі» құжатына (осы хабарландыруға қоса тіркелген) сәйкес құжаттар топтамасын қалыптастырып, Халықаралық ынтымақтастық офисіне мынадай мекенжай бойынша тапсырады: Олжабай батыр көшесі, 60-құрылыс (университеттің бас оқу ғимараты), 116-кабинет.

Назар аударыңыз: Құжаттар тізіміне сәйкес үміткер конкурсқа қатысу үшін білім алушылар қатарынан толтырылған сауалнаманы қоса ұсынуы тиіс. Аталған сауалнама университеттің ресми сайтындағы осы хабарландыруға тіркелген құжаттар бөлімінде орналастырылған және жүктеп алуға қолжетімді.

Ағылшын тілін меңгеру деңгейін растайтын халықаралық сертификат (IELTS/TOEFL) болмаған жағдайда үміткер:

  1. 16.03.2026 ж. дейін келесі сілтеме арқылы ішкі тестілеуден өтуге тіркелу: https://ido.ppu.edu.kz/ru/qualification/schools?page=2
  2. тестілеуге қатысу үшін төлем жасау (төлем тек топ жинақталғаннан кейін жүзеге асырылады);
  3. тестілеу 26.03.2026 ж. мен 30.03.2026 ж. аралығында өткізіледі. 

Конкурсты өткізу кезеңдері

Конкурстық іріктеу 3 кезеңде өткізіледі:

I кезең – Халықаралық ынтымақтастық офисінде құжаттар топтамасын қабылдау және олардың Тізіміне сәйкестігін тексеру.

II кезең – үміткерлердің әлеуметтік-психологиялық бейімделу тестілеуінен өтуі. Тест шетелде білім алуға дайындығын кешенді бағалауға бағытталған және тұлғалық тұрақтылық деңгейін, жаңа ортаға бейімделу қабілетін, сондай-ақ коммуникативтік және мәдениетаралық құзыреттердің даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

III кезең – университеттің ішкі комиссия мүшелерімен әңгімелесу. Әңгімелесу барысында үміткердің уәждемесі, академиялық мақсаттылығы және академиялық оралымдылық бағдарламасына қатысуының негізділігі бағаланады.

Тестілеу және әңгімелесу қорытындысы бойынша конкурстық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын үміткерлердің алдын ала тізімі қалыптастырылады.

Қорытынды шешімді «Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ жанындағы үміткерлерді іріктеу комиссиясы қабылдайды. Комиссия ұсынылған құжаттарды қарап, шетелде оқуға жіберу қағидаларында, оның ішінде академиялық оралымдылық шеңберінде белгіленген Іріктеу критерийлеріне сәйкес жинақталған балл саны негізінде ашық дауыс беру арқылы негізгі және резервтік тізімдерді қалыптастырады.

Конкурс нәтижесі бойынша 10 студент Еуропа университеттеріне оқуға жіберіледі. Конкурстық іріктеуден өткен студенттерге виза рәсімдеу кезіндегі консулдық алым, медициналық сақтандыру, әуе билеттері және тұру шығындары өтеледі.

Құжаттарды қабылдау мерзімі – 06.04.2026 ж. қоса алғанда.

Қосымша ақпаратты Халықаралық ынтымақтастық офисінен, сондай-ақ мынадай байланыс деректері арқылы алуға болады: 8 (7182) 65-16-09 (ішкі: 310), mussina_kamila@ppu.edu.kz