ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БІЛІКТІ ПЕДАГОГТАН БАСТАЛАДЫ
29.09.2026
Марғұлан университетінде дарынды және талантты оқушыларды дамытуға бағытталған жаңа оқу пәні пилоттық режимде енгізілді. «Дарынды және талантты оқушыларды дамытудың педагогикалық технологиялары» пәні 2025–2027 жылдарға арналған «Қазақстанның дарынды балаларын дамыту бойынша педагог кадрларды даярлаудың кешенді ғылыми-инновациялық жүйесін құру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылуда (№ BR28712263).
Жаңа пән 6В01550 «Биология», 6В01540 «Химия», 6В01520 «Физика», 6В01510 «Математика», 6В01530 «Информатика», 6В01610 «Тарих» және 6В01110 «Педагогика және психология» білім беру бағдарламаларына енгізілді.
Сабақтарды ғылыми жоба мүшелері, Жоғары педагогика және жаратылыстану мектептерінің оқытушылары жүргізеді. Олардың қатарында профессор Б. А. Сатыбалдина, қауымдастырылған профессор Г. А. Жанатова, профессор ассистенті Ж. Е. Әлибаева, профессор А. Ж. Асаинова, аға оқытушы Р. А. Аютинова және докторант А. А. Асамбаев бар.
Пәннің негізгі мақсаты – болашақ педагогтардың дарынды және талантты оқушыларды анықтау, олардың қабілеттерін бағалау, дамыту және оқу үдерісінде қолдау көрсету бойынша кәсіби құзыреттерін қалыптастыру. Бұл бағытта заманауи педагогикалық, цифрлық және психологиялық-педагогикалық технологияларды тиімді қолдануға басымдық беріледі.
Оқу барысында студенттер жеке білім беру траекторияларын әзірлеуді, дамытушы цифрлық контент пен оқу тапсырмаларын құрастыруды, білім алушылардың жетістіктерін бағалаудың заманауи әдістерін қолдануды меңгереді. Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын, цифрлық платформаларды және пәнаралық тәсілдерді пайдалану арқылы әр баланың қабілетін ашу жолдарын үйренеді. Инклюзивті білім беру жағдайында оқушылардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеру мәселелеріне де ерекше назар аударылады.
Пәннің мазмұны болашақ мұғалімдерді тек білім беруге ғана емес, әр оқушының бойындағы қабілетті танып, оны дамытуға бағыт-бағдар беруге даярлауды көздейді. Өйткені дарынды баланың әлеуетін ашу үшін оның қызығушылығы мен мүмкіндіктерін ескеріп, жеке дамуына қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру маңызды.
Жаңа пәнді енгізу Марғұлан университетінің педагог кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге және дарынды балалармен жұмыс істеуге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.
Әр баланың бойында ашылмаған мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті танып, дамытуға жол ашатын – білікті педагог.

.jpeg)

