Перейти к содержимому страницы.

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ: ЖАҢА ДЕРЕККӨЗДЕР МЕН ЗЕРТТЕУ ТӘСІЛДЕРІ

16.10.2026

Margulan University-де «XVIII ғасыр – XX ғасырдың басындағы Қазақстанның саяси кеңістігінің трансформациясы: жаңа дереккөздер мен зерттеудің заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның басты мақсаты – Қазақстанның XVIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі тарихи дамуын жаңа дереккөздер негізінде зерделеу, тарихи үдерістерді зерттеудің заманауи тәсілдерін талқылау және ғылыми тәжірибе алмасу.

Ғылыми жиында қазақ қоғамының саяси құрылымы, қоғамдық қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды. Қатысушылар тарихи оқиғалар мен үдерістерді жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан қарастырып, отандық тарихты зерттеудің өзекті мәселелеріне назар аударды.

Конференция аясында Башқұртстан Республикасының Уфа қаласындағы жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын № 69 білім беру орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ирина Шаяхметова «XVIII ғасыр – XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Margulan University Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Гүлфира Өтепова ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ұсынып, тақырыптың өзекті тұстарына тоқталды.

Халықаралық ғылыми басқосу аралас форматта ұйымдастырылып, оған Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері онлайн режимде қатысты.

Конференция тарих ғылымындағы жаңа зерттеу бағыттарын талқылауға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның тарихи мұрасын тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.