Перейти к содержимому страницы.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейфитден Назымбекұлы Сүтжанов – 75 жаста

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сүтжанов Сейфитден Назымбекұлының өмір жолы мен еңбек ғұмыры туған өлкесі – Павлодар қаласымен тығыз байланысты.

 Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кітап палатасында бастаған. Кейін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде және қазіргі Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жемісті қызмет атқарады.

Сейфитден Назымбекұлының ғылыми-педагогикалық қызметі 40 жылдан астам уақытты қамтиды. Ол – 4 монографияның, 6 оқу құралы мен ондаған ғылыми мақалалардың авторы. Ғалымның зерттеу еңбектері қазақ әдебиеті мен түркі дүниесінің рухани байланыстарына арналған. Профессордың жетекшілігімен бірнеше магистр мен ғылым кандидаттары дайындалды.

Оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі үшін ол «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантымен, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталған.

Профессор С.Н. Сүтжанов облыстың рухани өміріне белсене араласып, қазақ тілі мен әдебиетін насихаттауға зор үлес қосып келеді. Оның есімі мен еңбектері республикалық және өңірлік энциклопедияларда аталып өтеді.

Облыстық және университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан Сейфитден Назымбекұлына Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлығымен қуантылды.

Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері ұстазға білім мен ғылымға қосқан зор үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді.