Перейти к содержимому страницы.

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ: МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДАМУ БАСЫМДЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

23.09.2026

23 қыркүйекте Марғұлан университетінде Академиялық кеңестің отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қазақстан Республикасындағы педагогикалық білім беруді дамытудың 2026–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын университетте іске асыру.

Отырыста педагогикалық білім беруді жаңғыртудың негізгі бағыттары қаралды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жаңарту, мектепке бағдарланған және практикалық даярлықты күшейту, мектептермен әріптестікті дамыту, педагогикалық резидентура мен тәлімгерлік жүйесін енгізу мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар цифрлық педагогика мен жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту, білім беру аналитикасын қолдану, Action Research және Lesson Study зерттеу тәсілдерін енгізу, білім беру үдерісіне қатысушылар үшін инклюзивті орта мен қолайлы жағдай қалыптастыру бағыттары талқыланды.

Тұжырымдама аясында студенттердің мектеп базасындағы практикалық даярлығын кезең-кезеңімен арттыру, оқу нәтижелерін бағалау жүйесін жетілдіру, түлектердің кәсіби даярлығына мониторинг жүргізу және олардың еңбек жолының алғашқы жылдарында қолдау көрсету көзделген.

Қабылданған шешімдер педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға және педагогикалық білім беруді дамытудың басым бағыттарын жүйелі түрде іске асыруға бағытталған.